«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен «Alem Tech Fest 2026» фестивалі өтіп жатыр

Астанада «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Alem Tech Fest 2026» фестивалі басталды. 

Бұл – дрон технологиялары және жасанды интеллект бағытындағы бірнеше халықаралық чемпионаттарды біріктірген жарыс алаңы. Бас қаладағы басқосуға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан келген оқушылар қатысып, өзара мықтыны анықтап жатыр. 

Әлемнің жеті мемлекетінен келген бес мың оқушы бас қалада басқосты. Олар болашақ инженерлер. Өздерінің озық идеяларын ортаға салып, мықтыны анықтап жатыр. Білім бәйгесінде бас-аяғы бес жүз команда бақ сынайды. Солардың сабында қазақстандық өнертапқыштар да бар. Соның бірі Нұрмұхаммед Сәдібек. 

Нұрмұхаммед Сәдібек, қатысушы:

- Жобамыздың негізгі мақсаты –  археология саласындағы негізгі проблемаларды шешу. Біздегі артефактілерді бір сапалы ортада сақтау. Яғни біз биогель жасадық және оған арналған смарт бокс жасадық. 

Асылбек Мырзахметов, ұйымдастырушы:

- Биылғы маусымның тақырыбы – археология. Сонымен қатар осында жиналған бүкіл балалар археологтармен бірге сол археологиялардағы бар мәселелерді іздеп, зерттеп, сол мәселелерге өздерінің инженерлік шешімдерін ұсынып жатыр. 

Чемпионат қорытындысы бойынша, оқ бойы озық шыққан Қазақстанның ең үздік 50 командасы анықталады. Жүлдегерлер ақшалай сертификаттар мен білім гранттарына ие болады. Оның ішінде 14 команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін білім бәйгесінде ел намысын қорғайды. 

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:

- Бұл жай жарыс емес, бұл –  алаң. Ең біріншіден бұл жастарымыздың болашаққа батыл қадамы деп айтуға болады. Біз әрқашан жастарды қолдаймыз. Өйткені 2026 жылды да мемлекет басшымыз ЖИ және цифрландыру жылы деп жариялаған еді. Сол жылдың аясында осы шара өтіп жатыр. 

Соңғы 10 жылда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы білім беру бағытында 13 млрд-тан астам қаражат бағыттады. Бұл балалар мен ересектерді оқыту, әлеуетін көтеруге арналған жобалар. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Асхат Қарақойшиев, Ділмұрат Сейдаханов