Ұлытау облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажет

Ұлытау облысында инженерлік инфрақұрылым шамамен 60 пайызға тозған. Электр, жылу және кәріз желілерін жаңғырту қажет.

Бұдан бөлек жылу және электр энергиясының тапшылығы да бар. Сондықтан халық тұрмысына қажет өзге де инфрақұрылым тиісті деңгейде дамымай отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы атап өтіп, қолдау көрсетуді тапсырды. Жаңадан құрылған облыстың қарқынды дамуына не кедергі, жергілікті билік мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр? 

Жезқазған қаласы 2050 жылға қарай өмір сүруге жайлы экономикасы әртараптандырылған шаһарға айналуы тиіс. Қаланың бас жоспарында осындай міндет қойылған. Себебі жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында қазір экология, жастардың өзге өңірлерге көшуі секілді түйткілді мәселе көп. Оны шешу үшін арнайы бағдарлама да жасалған. Жергілікті билік жаңғырту жұмыстарын әуелі инженерлік инфрақұрылымнан бастады. Өйткені қажетті инфрақұрылым болмаса өзге салаларды дамыту мүмкін емес дейді мамандар.

Алмаз Жандарбеков, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Электр энергиясы 60 пайызға тозған, су құбыры 50 пайызға тозған, жылу желілері 56 пайызға тозған. Ең үлкені кәріз желілері - 70 пайызға тозған. Осы желілердің тозу деңгейін азайту мақсатында соғы үш жылда 485 желілерді ауыстырдық. Орташа тозу деңгейін 5 пайызға түсірдік. Қазіргі таңда облыс бойынша 15 млрд-қа 14 жоба ауызсу құбырлары жобасы жүріп жатыр. Әрине, қалалардың дамуына оның беретін көмегі көп.  

Өңірде қажетті инфрақұрылымның дамуын тежеп, тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсер етіп отырған тағы бір мәселе – жылу мен энергия тапшылығы. Тек Жезқазған мен Сәтбаев қаласында 120 Гкал жылу мен 150 МВт электр энергиясы жетіспейді. Соның салдарынан құрылыс саласы кенжелеп қалған. Мамандар бұл мәселені шешу үшін қос қаланың ортасына екінші жылу электр орталығын салуды көздеп отыр.

Алмаз Жандарбеков, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Жылу электр орталығын салғымыз келіп отыр. Ол бойынша қазіргі таңда техникалық экономикалық негіздеме дайындау үшін қаражат бөліп, биыл аяқтағымыз келіп отыр. Әрі қарай министрлікке ұсынамыз. Бұл ЖЭО екі қаланың дамуына серпіліс береді. Бас жоспар бойынша Жезқазған, Сәтбаев қаласын 50 пайызға арттыру жоспары тұр.

Екінші ЖЭО толықтай инвестор қаржысына салынады. 300 МВт электр энергиясы мен сағатына 600 Гкал жылу өндіреді. Энергия тапшылығы жойылса өңірде халықтың тұрмысына қажетті өзге салалардың дамуына да жол ашылатынын айтады мамандар. Жастар тұрақтап, кадр мәселесі де шешімін табатын күн жақын дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов