Ұлытау облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр
Ұлытау облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр. Мәселен, өткен аптада Ұлытау ауданында төрт бас жылқыны ұрлады деген күдікпен бір азамат ұсталды. Осыған байланысты қала мен ауданға кіреберіс жолдарда тәулік бойы жұмыс істейтін жылжымалы блокбекеттер қойылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қолға алынған «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық шарасы соғым науқаны аяқталғанша жалғасады, деп хабарлайды 24KZ.
Иесіз мал ұры шақырады. Тәртіп сақшылары өзгенің малын ұрлап, оңай олжаға кенелгісі келетіндер әлі де көп екенін айтады. Оны арнайы ұйымдастырылған алдын алу шарасы да дәлелдеп отыр. Соңғы бір айдың ішінде бірнеше қылмыс ашылды. Мал және ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған және ветеринария заңын бұзған 121 дерек тіркелді. Баукеспелер көбіне жайлымда жүрген малды ұрлайды. Сондықтан тәртіп сақшылары төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.
Бағдат Дәуғарин, ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
– Төрт түлікті сырғаландыру, таңбалау, ен салу жұмыстарын жүргізуді сұраймыз. Сонымен қатар еркін жайылымға жібермеулеріңізді, қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Биылғы жылы Ұлытау облысы аумағында тіркелген 21 қылмыстың 18 фактісі еркін жайылымнан орын алып отыр. Сол себепті өздеріңіздің мүліктеріңізді сқатап, жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.
Қала мен аудандарға кіреберіс жолдарға қойылған жылжымалы бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Күдікті жүкті тексеру кезінде малдың немесе мал өнімінің иесін ғана емес, сонымен қатар тасымалдаудың заңдылығы да тексеріледі. Бұл төрт түлік малдың қозғалысы мен ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Мұндай тексеріс жол бойымен қатар мал базарларында да жүріп жатыр. Аймақтағы барлық мал соятын орындар мен ет сататын дүкендерде бақылау күшейді.
Ерден Әбдіқамит, Сәтбаев қалалық ветеринариялық инспекциясының басшысы:
– Жануарларды тасымалдау кезінде ветеринариялық анықтама рәсімделуі қажет. Оның екі түрі бар: №1 және №2 форма. №1 форма тірі малға, ал №2 форма сойылған малға, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа рәсімделеді. Егер ветеринариялық анықтама болмаса, әкімшілік шара қолданылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға ветеринариялық анықтамасыз жануарларды тасымалдағаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Полиция қызметкерлері сонымен қатар елді мекендер мен шаруашылықтарды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Профилактикалық шара соғым науқаны аяқталғанша жалғасады», – дейді тәртіп сақшылары. Жалпы облыста жыл басынан бері мал ұрлығына қатысты 21 қылмыс тіркелді. Жаңаарқа ауданында 13 адамнан құралған үш қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, олардың сегіз қылмысқа қатысы дәлелденді. Жедел шаралардың нәтижесінде 160 бас мал иелеріне қайтарылды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов