Елдегі халықтың үштен бірі қалаларда тұрады
Халық саны өсіп жатқан аймақтарға қарасақ, олардың басым бөлігі агломерация орталықтары. Ел халқының үштен бірі қалаларда шоғырланған.
Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Өңірлік дамуының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда бес агломерация белгіленген. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда орналасқан. Аталған аймақтар мен оларға іргелес елді мекендерді жетілдіру мақсатында арнайы заң қабылданды. Ол «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң. Құжат осы орталықтар мен қала маңындағы аймақтар арасында жаңа көлік моделін енгізуге, экологиялық жобаларды іске асыруға, іргелес елді мекендердегі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мегаполистерде халық саны өсуіне байланысты бірқатар маңызды әкімшілік-аумақтық өзгеріс те жүргізілді. Мәселен, Астанаға маңындағы Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Бұл статус Қосшыны елордаға жақын елді мекендерді біріктіретін негізгі орталыққа айналдырады. Ал Жетіген ауылын Алатау қаласы етіп өзгерту Алматы агломерациясын дамытудағы маңызды шешім болды. Жоба аясында халықаралық қаржы, білім беру және медицина орталықтарын, урбанизм мен сәулет орталығын, интеграцияланған курорт құру көзделеді. Бұдан басқа 2019 жылдан бері ірі қалаларды дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиялары іске асырылып жатыр.