Атырауда тұрғын үйлердің сапасыз салынғаны белгілі болды

Атырауда мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген үйлер сапасыз салынған. Бірқатар тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп, іргетасы жарылып тұр.

Тұрғын үй кезегін қысқарту мақсатында берілген әрбір үйдің құны 30 млн теңге шамасында. Жаңа үй алдық деп қуанған тұрғындар көп уақыт өтпей ақ сол үйді жөндеумен әлек болды. Жергілікті биліктің «мәселе шешіледі» деген құрғақ уәдесінен шаршаған «Талғайраң-2» ауылының 50-ге жуық тұрғыны редакциямызға хабарласты. 

6 баланың анасы Мөлдір Рысқалиева осы баспананы 30 млн теңгеге 20 жылға ипотекалық бағдарлама арқылы алған еді. Ол қарыздың тек жартысы ғана өтелген. 2020 жылы пайдалануға берілген үйдің қазір қабырғалары жарылып, іргетасы сөгіле бастапты. «Талғайраң-2» ықшам ауданының тұрғындары тәуелсіз эксперт шақырып, үйлерін тексертіп, құжат жасақтатып алған. Алайда «апатты деп танылғанымен жергілікті әкімдік те, мердігер мекеме де еш шара қолданбай отыр»,- дейді тұрғындар.

Мөлдір Рысқалиева, көпбалалы ана:

- Шешім бойынша, тұрғын үйлердің жағдайы «критичный» деп айтылды. Бізге әкімдікті,  ЖКХ-ны сотқа беріңіздер, соттасыңыздар деп айтты. Біздің соттасатын уақытымыз жоқ. Қараша айынан бері әлі жүрміз. Әрі қарай соттасатын болсақ тағы 3-4 ай жүреміз.

Атыраудағы «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысқан отбасылардың көпшілігінің жағдайы осындай. Олар мемлекеттік бағдарлама бойынша 15-30 млн теңгеден ақша қарыз. Күні бүгін мұндағы 60 үйдің 48-нен ақау анықталды. Енді тұрғындар бастарына «бәле» болған баспаналарынан қалай құтыларын білмей, жан-жаққа арызданып жатыр.

Алтын Демешова, «Талғайраң-2» ауылының тұрғыны:

- Ас үй мен залдың ортасы жарылып тұр. Есіктің үстінен басталған. Маған «бұл кетеді, жайлап қоясың» деді. Бір күні жар жарылып құлады. Ас үй мен залдың ортасындағы қабырға түгел құлап қалды. 14 млн 564 мың ақша төледік. Сосын мына үйді сатамын деп түгел жаптым. Себебі тұру мүмкін емес болды. Жарлар жарылып жатыр. Фундамент төменге түсіп кеткен.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысқан 3 мердігер мекеменің ішінен тек «БатысАльянс строй» компаниясы ғана өз қателіктерін мойындап, 24 үйдің тұрғынына өтемақы төлеуге келіскен. Ал басқаларымен жұмысты жергілікті билік жүргізбек. 

Арнат Оңдасынов, қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:

- «Азиястрой» мекемесі бойынша, оларға 14 нысан тиесілі. Жалпы «Талғайраң-2» елді мекені бойынша Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Мердігер мекеменің директоры, өкілдері шақырылды. Олармен де алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бірақ олар кепілдік мерзімі өткеніне байланысты жауапкершіліктен қашып отыр. Мекеме банкрот болғаннан кейін ештеңе жасай алмаймыз деп отыр.

Сапасыз салынған үй құрылысына мердігер мекемелер жауапты екені ақиқат. Алайда, тұрғындарға баспананы қалалық әкімдік тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы үлестірген. Ендеше бюджет қаражатына тұрғызылған баспаналардың сұрауы атқарушы билікте. Сол себепті тұрғындар енді қалалық әкімдікті сотқа беруге құжат жинап жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин