Елде газды үнемдеп тұтыну басталады

Халықты газбен қамтуы тиіс «QazaqGaz» компаниясында 10 мың адам еңбек етеді, бірақ жұмысы мардымсыз. Елдің 36 пайызы күні бүгінге дейін тезек тұтатып, көмірмен жылынып отыр.

Бүгін Мәжілісте депутат Ерлан Саиров саладағы жұмысты сынға алды. Мәжілісмендер көгілдір отын тарту шараларын күшейтіп қана қоймай, үнемдеуге көшуіміз керек дейді. Олай болмаса, алдағы екі жылда елдегі газ тапшлығы әлеуметтік және экономикалық салдарға ұласуы мүмкін.

Былтыр ел аумағында 95 елді мекенге көгілдір отын тартылып, 350 мың адам оның игілігін көрді. Нәтижесінде табиғи газ тарту жұмыстарының деңгейі 64 процентке жетті. Биылғы жұмыс та ауқымды. Себебі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында мәселе өте өзекті.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көмірідң бағасы 1 тоннасы 30-34 мың теңге болды. Әрине, ауылда қиын бола бастаған соң халық көше бастайды. Абай облысында 625 мың халық болған. Ал қазір 595 мың болып қалды.

Айдағаны бес ешкі, ысрқырығы жер жарады. Бұл Ерлан Саировтың «QazaqGaz» компаниясына айтқаны. Депутат газ опатораторының бұған дейін де Президенттің сынына қалғанын еске салды. Өйткені аты дардай компания өндіретін 350 млн текше метр көгілдір отын жеткіліксіз деп санайды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысының сынынан қандай қорытынды жасады және Қазақстанның өзінде газ өндіру үшін бұл кісілер қандай жоспар жасап отыр? Маған осы мәселе бойынша нақты жауап беріңіздерші.   

Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Біріншіден, біз геологиялық жұмыстардың өткізуіне серпін беріп жатырмыз. Бұған қоса ресурстық базаны арттыру үшін, активті фаза түрінде біздің зауыттар салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Қашағандағы 1 млрд текше метр газ беретін зауыты іске қосылады. Бұған қоса Қарашығанақ кен орынанда 2032 жылға дейін 4,5 млрд текше метр газ шығаратын зауыт іске қосылатын болады.

Дегенмен депутат бұл жауапқа қанағаттанбады. Тезек теріп, көмірмен жылынып жүрген жұрттың жағдайын көзімен көрген ол, жылы жерде жүрген қызметкерлердің орнын босатуды ұсынды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- QazaqGaz-да 10 мың адам жұмыс істейді. 350 млн текше метр өндіреді. Жаңа министрлік айтады, ШҚО-ға газды апарудың ауылы алыс деп отыр. 10 мың кофе ішетін адамды жұмыстан шығарып, сол ақшаны газ тартуға жіберу керек. Ол халықтың ақшасы.    

Газ тарту жұмыстарын жандандырған сайын, тұтыну көлемі де артып барады. Қазіргі бұл көрсеткіш 21,6 млрд текше метр. Өндіру көлемі мен үнемдеуді күшейтпесек, алдағы 2 жылда еліміз энергетикалық және экономикалық тығырыққа тірелуі мүмкін. Осының алдын алу мақсатында депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну бойынша заң жобасының бірінші оқылымын оқыды. Бір сөзбен айтқанда бағаның негізсіз өсуі, бюрократиялық кедергілер мен делдалдарды болдырмау арқылы тұтынушылардың қаржылық жүктемесін жеңілдетеду көздейтін құжат.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алуда, бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеледі. Мұндай схемалардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтынушылардың, негізінен халықтың мойнына жүктеледі. Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистральдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.

Жаңа заң жобасына сай автогаз бекеттеріне талап күшейеді. Енді мұндай станциялардағы көгілдір отын сақтайтын цистерна жер астында тұруы тиіс. Бұған былтыр Атырау және Түркістан облыстарының жанармай бекеттерінде болған жарылыс пен адам өлімдері себеп. Станциялар жаңа талапты 2031 жылға дейін орындауға міндетті.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Марат Диханов