Коньки спортынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері әскери борышын өтеп жүр
Коньки спортынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алматы гарнизонында әскери борышын өтеп жүр.
Құдайберген Теміржанов қарулы күштер сапындағы қызметін спорттық мансабымен қатар үйлестіріп келеді. Ол әскери қызметшілерге кәсіби және цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін "Сарбаз+" жобасы аясында қызмет етеді. Бағдарлама аясында сарбаздар шет тілдерін меңгеріп, IT бағыттары бойынша білім алып, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалануды үйренеді.
Құдайберген Теміржанов, 78460 әскери бөлімінің сарбазы:
- Әскери қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ерте тұру, саптық дайындық, атыс жаттығулары, далалық жорықтар. Мен 13 жылдан бері кәсіби спортпен айналысып келе жатқандықтан, бұл міндеттер маған аса қиын болмады. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтармен таныстым. Өз тәжірибеммен бөлісіп, спорттағы әдіс-тәсілдерімді үйретіп жүрмін. Менің ойымша, спортта да, әскерде де жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін төзімділік пен еңбекқорлық керек. Қандай жетістікке жетсең де, Отанға қызмет ету - азаматтық парыз.
Нұрдәулет Әлібай, 78460 әскери бөлімінің сарбазы:
- Мен Құдайбергенмен бірге бір әскери бөлімде қызмет атқарып жатқаныма қуаныштымын. Ол өзінің спорттағы тәжірибесін бізге әрқашан бөлісіп отырады. Құдайберген өте қарапайым, спортқа деген ынтасы өте зор. Біз оның жетістіктерін бағалаймыз, құрметтейміз.