Шымкентке саяхаттайтын шетелдіктер саны артты

Шырайлы Шымкентке саяхаттайтын шетелдіктердің қарасы артты.

Туристер көбіне Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғыз Республикасынан келеді. Шахар аумағын аралап, тарихи ескерткіштерді тамашалайды.

Меймандардың қалаға деген қызығушылығын арттыру үшін жергілікті билік енді этнотуризмді дамытып, мәдени орындарды абаттандырып жатыр.

Шымкенттегі «Қызыр» мұнарасының сан ғасырлық тарихы бар. Сайрам шахарының көне сәулет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Кешен аумағы абаттандырылып, туристерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Сұлтанмұрат Халмұратұлы, туристік компанияның жетекшісі:

- Шетел азаматтары көп келеді Сайрамға. Біз өзіміз туризм саласында жұмыс істегеннен кейін туристік аймақтарға бірлесіп көмектесіп, скл туристер келгенде қуанып қайтатындай жағдай жасаймыз. 

Aбхай Шарма, турист:

- Мен Үндістаннан келдім. Қазақстан маған ұнады. Адам көп емес, бағасы тиімді, тамақтары дәмді, танысуға болатын тарихи орындар да бар. 

Шетелдіктерді көбіне этнотуризм саласы қызықтырады. Себебі саяхаттаушыларға экскурсиялар мен қатар қолөнер бұйымдары көрсетіледі. Тұрмыс-салтымыз бен ұлттық өнеріміз де таныстырылады. 

Кендебай Қарабдаловтың этномузейі Шымкенттегі ерекше орындардың бірі. Шебер бұл мұражайды қазақ мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа көрсету мақсатында өз қолымен жасаған. 

Кендебай Қарабдалов,  "Қылует" этномузейінің директоры:

- Ата бабаның аманатына адал болсақ айналысамыз. Аманатқа тек қана көрермен болып қалмауы керек. Соны жасаушы болу керек. Біз бақытты өзімізге жасап отырып, адамдарды бақытты етеміз. 

Қаладағы креативті хаб та туристер көптеп келетін орынға айналған. Мұндағы шеберлері бұйым жасаудың көне әдісін заманауи тәсілдермен ұштастырып, қолөнерді жаңа қырынан танытып жүр.

Сұлтан Ысқақов, қалалық туризм және креативті индустрия басқармасы басшысының орынбасары:

- 2025 жылдың тоғыз айында келуші туристер саны 406380 құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артып отыр. Жалпы, туристердің басым бөлігі бізге келетін шетел мемлекетін атап өтсек, Өзбекстан республикасы, ҚХР, Ресей Федерациясы, Түркия елінен, Қырғызтан Түрікменстан республикаларынан келеді. 

Шымкентте туризмнің бірнеше бағыты өзара үйлесім тапқан. Соның нәтижесінде сала дамып, тұтас индустрияға айналып келеді.

Шыңғыс Қалиден, Катерина Попкова, Нұрмахан