17 кен орны мемлекеттік есепке алынды
Геологиялық барлау жұмысының нәтижесінде 17 кен орны мемлекеттік есепке алынды. Алғаш рет екенін айта кетейік.
Олардың ірілері – Көк-Жон, Алтын-Шоко және Самомбет. Қорлардан алтын, күміс, фосфорит пен мыс өндіріледі. «Өсім бар» деп есеп берді Өнеркәсіп және құрылыс министрі алқа отырысында. Ал жалпы, елдегі минералдық-шикізат базасы 10 мың кен орнына жуықтайды. Алайда геология саласын мемлекеттік инвестицияға кіріптар етпеу керек. Өйткені осы бағытқа алдағы үш жылда 500 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондықтан үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент геологиялық барлауға жеке капитал тартып, жетістікке жетуді жүктеген еді.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Жер қойнауы туралы Кодекс қабылданды. Елдің минералдық-шикізат базасын толықтыруға және орнықты дамытуға бағытталған заңнамалық және институционалдық реформалар іске асырылды. Биыл жаңа буын карталарын жасау аясында ел аумағының 100 мың шаршы шақырымын зерттеуге кірісеміз. Сосын жыл сайын 30 мың шаршы шақырымға ұлғайтып отырамыз. Картаға түсіруге жаңа талаптар бекітіліп, 20 жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жұмыс келесі айда басталады.
АЭА дамыту үлгісі бекітіледі
Алқа отырысында жаңадан үш арнайы экономикалық аймақтың құрылғаны айтылды. Ірі жобалар бойынша 13 инвестициялық келісімге қол қойылған. Бұл мәселе де Президенттің назарынан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет үш айда арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуді тапсырған болатын. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздегі аталған мекемелердің ширек ғасырда ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі бір пайыздан сәл ғана асады. Оның үш пайызы экспортқа, 9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы түйткіл бойынша нақты мерзім бекітті. Үш ай. Сондықтан өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе бір ай ішінде Үкімет аппаратына арнайы экономикалық аймақтарды дамыту моделін жасақтауды тапсырамын. Тиімділігін арттыра отырып, жеке және шетел инвесторларын тарту жағы да ескерілетін болсын.