Сақтандыру нарығын дамыту талқыланды
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2030 жылға дейінгі мерзімді қамитын құжатты әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.
Соның аясында «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа Заң жобасын әзірлеу қолға алынады. Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұйымдастыруымен сала мамандары бас қосып, заң жобасының негізгі бағыттары мен сақтандыру нарығын дамыту мәселелерін талқылады.
Елімізде сақтандыру нарығы қарқын алып кетпесе де даму бар. Сектор активтері соңғы бес жылда 2,6 есе ұлғайып, 3,9 трлн теңгеге жетті. Ендігі мақсат – саланың ұлттық экономиканы дамытудағы рөлін күшейту. «Әсіресе қазір тәуекелдер мен қаржылық міндеттердің көп бөлігі мемлекетке жүктелген салаларда сақтандырудың үлесін арттыру маңызды», - дейді мамандар. Ең бастысы, сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасын жүйелеу.
Серікбосын Төлебеков, Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары:
- Сақтандыру нарығын дамытудың бағдарламасы алдағы кезеңде жүзеге асырылатын негізгі бағыттарын айқындайды. Олардың қатарында халықаралық тәжірибені ескере отырып, міндетті сақтандыру түрлерін кеңейту, әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін енгізу, нарық инфрақұрылымын жаңғырту және саланың цифрлық трансформациясын тереңдету бар. Осы міндеттерді іске асыру үшін «Сақтандандыру қызметі туралы» жаңа Заң әзірленетін болады.
Заң жобасында сақтандыру түрлерінің құрылымын қайта қарап, оны түсінікті әрі заманауи талаптарға сай ету көзделіп отыр. Яғни сақтандыру шарттары түсінікті, әділ және икемді болуы керек. Басқосуда сақтандыру нарығының өкілдері де өз ұсыныстарын жеткізді.
Азамат Керімбаев, сақтандыру компаниясының төрағасы:
- Мемлекеттен қандай көмек керек? Біріншіден, банктер сияқты егер: заңдарда сақтандыру компанияларының статусын бекітсе, осы статуспен біз мемлекетке барып интеграция жасап, адамдардың мәліметтерін алсақ сол бізге үлкен көмек болады. Екіншіден, бізге сақтандыру нарығын цифрландыру керек. Цифрлау әрекеті бізге сақтандыру тарифының дұрыстығын көрсетеді. Сондықтан сақтандыру нарығы цифрлық жүйелер арқылы сақтандырудың бағасын төмендетіп, қызмет деңгейін көтере алады.
Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы 1 қыркүйекке дейін әзірленетін болады. Содан кейін оны іске асыру үшін «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа Заң жобасы дайындалмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев