Биыл Атырауда сталкинг бойынша 400-ден астам шағым тіркелді

348 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды.

Ал былтыр «102» желісіне 6000-нан аса хабарлама түскен. Бұл өңірдегі сталкинг мәселесінің өзекті екенін көрсетеді, дейді мамандар. Осыған орай облыс орталығында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «STOP СТАЛКИНГ» форумы өтті. Жиынға 200-ге жуық студент, оқытушылар мен құқық қорғаушылар қатысты. Форумда адамның жеке өміріне қол сұғу мен психологиялық қысым көрсетуге жол берілмейтіні айтылды.

Жеңіс Бозаев, қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы:

- Форумда сталкингтің алдын алу, одан қорғану жолдары және заң алдындағы жауапкершіліктері туралы айтылуда. Негізгі мақсат – жастарға жеке шекара деген не екенін түсіндіру, өз қауіпсіздігін сақтауды үйрету және құқықтық сауаттылықты арттыру. Әр адам өз құқығын біліп, қандай да бір қудалау мен қысымға бейжай қарамауы керек.