БҚО-да су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді

Батыс Қазақстанда көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық басталып кетті. Мамандар қауіп деңгейі жоғары аумақтарды анықтап, қамданып жатыр. 

Әсіресе Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласына қарғын судан қауіп бар. Биылғы қыста өңірде қар көп жауды. Синоптиктердің болжауынша, көктем жылы болып, жауын-шашын мөлшері артуы мүмкін. Соның салдарынан Деркөл, Быковка, Шаған өзендерінде су деңгейі көтеріледі деп қауіптенеді. 

Қыс басталғаннан бері Орал қаласынан 450 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Алдағы уақытта коммуналдық қызметтер арықтар мен су арналарын тазалауды бастайды. Қазір негізгі жұмыстар жеке секторда жүргізіліп жатыр. Жекеменшік тұрғын үйлер ерекше назарда. Қала шегінде 140-тан астам бау-бақша серіктестігі бар, онда 20 мыңнан астам адам тұрады. Тасқын судан қауіп туындаған жағдайда 4 мың адамға арналған 16 эвакуациялық пункт дайындалды.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Орал қаласының айналасында, үш өзеннің жайылымдарында 140 бау-бақша серіктестіктері бар. Қауіпті жерлерде тұруына байланысты біз Орал қаласы әкімдігінің қызметкерлері барлық 140-қа жуық бау-бақша серіктестерін аралау жұмыстарын жүргіздік. Яғни әлі де қыстап жатқан тұрғындар бар. Сол себепті біз мыңға жуық отбасын аралап шықтық. Әлі қыстап жатқан адамдардың қолдарына ескертпе қағаздарын бердік және әрбір тұрғынның қолын қойдырып, ұялы телефонын және отбасы жөнінде ақпарат толықтай алдық.

Тұрғындарға тасқын су қауіпі туралы алдын ала хабарлануда. Жайық өзені, Шаған өзені және Дерқұл өзенінің деңгейі көтерілсе, эвакуациялау жұмыстары ұйымдастырылады. Арасында мал өсіріп, шаруашылықпен айналысатындар да бар. Облыс орталығында 15 қауіпті учаске анықталған. Су басу қаупі жоғары жерлерде жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын бөгеттер бекітілді. Жағалауды нығайту жұмыстары қаладан тысқары аудандарда да жүргізіліп жатыр. Оралдан он шақырым жерде өзен арнасы күрт бұрылып, ағысы өзгереді. Сол жерде жыл сайын жағалауды су шайып кетеді. Қазіргі уақытта Бәйтерек ауданында Быковка өзені бойында жүргізілген жұмыстар аяқталды. Онда гидротехникалық құрылыстар жөндеуден өткен.

Марат Молдашев, БҚО табиғи ресурстар және ТПР басқармасының басшысы:

- Жағалауды нығайту жұмыстары биыл да жоспарланған. Бұл Еткомбинат, Речник, Берекет, Венера тұрғын үй жайлары. Осы аймақта жобалау жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен 621 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаражат Тасқала ауданында, Дерқұл өзенінің бойында арнаны тереңдету жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Біз Дерқұл өзенінің арнасын тереңдету және тазарту жұмыстарын жоспарлап отырмыз.

Өңірде соңғы екі жылда көктемгі су тасқынына қарсы ауқымды жұмыс атқарылды. Он тоғыз елді мекенде қорғаныс құрылыстары салынды. Оның көпшілігі Бәйтерек ауданындағы Жайық өзені бойында орналасқан. Өз кезегінде синоптиктер ақпан мен наурыз айлары жылы болатынын болжауда.

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры:

- Ақпан айы да, наурыз айы да температуралық көрсеткіш нормадан бір-екі градусқа жоғары болады деген болжам бар және жауын-шашын мөлшері де жоғары болуы мүмкін. Биылғы жылы өзендердегі судың көтерілуі орташа және жоғарғы деңгейде деп күтіп отырмыз. Мына Тасқала және Бәйтерек аудандарында орналасқан бірінші Шежін, екінші Шежін, Дерқұл өзендері Быковка, Шаған өзендері су деңгейінің жоғарғы сеңі қалыпты деңгейге дейін жетеді деген болжамдарымыз бар.

Жайық өзенінің ахуалы әдетте Ириклин су қоймасына тікелей байланысты болады. Қазіргі уақытта су қоймасы 83 пайызға толған. Секундына 90 текше метр көлемінде су жіберіліп жатыр.

Рауан Хусаинов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

- Россгидромет ұсынған болжамға сәйкес, көктемгі кезеңде су қоймасына келетін су көлемі 0,7-1,3 млрд текше метр аралығында болады деп күтіліп отыр. Қалыпты деңгейде бұл көрсеткіш 1,22 млрд текше метрді құрайды. Осы болжам негізінде 12 ақпанның 12-де Ириклин су қоймасының жұмысын талқылауға арналған жиын өткізілді және 15 ақпаннан 15 наурызға дейін су қоймасынан секундына 139 текше метр мөлшерінде су жіберу туралы шешім қабылданды. Яғни 10-15 наурызға дейін су қоймасында бос сыйымдылықты 1 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарлануда. Алайда бұл алдын ала болжам. Нақтырақ, егжей-тегжейлі болжам наурыз айының 10- да ұсынылады.

Синоптиктердің мәліметінше, биылғы қыс қарлы келді. Солтүстік аудандарда қар жамылғысының биіктігі 25 сантиметрге дейін жетсе, оңтүстікте 15 сантиметр болды. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылмен салыстырғанда жоғары. Сондықтан өңірде көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Авторлары:  Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Элдар Аюпов