Таразда қар тазалайтын техника жетіспейді

Тараз қаласында екі тәулік бойы, толассыз жауған қалың қар коммуналдық қызметтерге айтарлықтай салмақ түсірді.

Жауаптылар көшедегі қарды, күреп үлгермей жатыр. Қала тазалығына жауапты мекемелердің мәліметінше, осы уақытқа дейін көшелерден 2000 текше метр қар шығарылды. Алайда шеткері аумақтар әлі де қар құрсауында жатыр. Ақ ұлпаның қалыңдығы кей жерлерде жарты метрден асады. Қалың қардың салдарынан шаһардағы көлік қозғалысы қиындады. Бірқатар жол-көлік оқиғалары тіркеліп, кей автобустар жолдан шығып кеткен. Қар тазалау жұмыстарына 50-ден астам арнайы техника мен 500-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен қатар, әкімдікке қарасты өзге мекемелерден қосымша 30 техника көмекке тартылды. Қала әкімдігі алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін 82 жаңа арнайы техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Алмат Радиков, "Жасыл ел-Тараз" ЖШС өкілі:

- Қыстық жолдарды күтіп ұстау бойынша 110 көше бекітілген. Олардың ұзындығы 343 км. Қар жауған сәтте олардың барлығын бірден қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Себебі қазіргі кезде қосымша техника сатып алу жұмыстары қарастырылып жатыр лизингке. Сол техникаларды алғаннан кейін олардың барлығын қамтамасыз етеміз деген ойдамын.