Жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Елордада «Референдум-2026» онлайн-марафоны өз мәресіне жетті. Республикалық телеарналар мен радиолардағы тікелей эфир 6 сағатқа жалғасты.

Іс-шараға Конституциялық комиссия мүшелері, заңгерлер, сарапшылар және қоғам белсенділері қатысты. Жүзге жуық спикер ашық диалог алаңында, ойларын ортаға салды. Жаңа нормаларды түсіндіріп, өзара пікір алмасты. 

Жаңа Конституция жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Бүгінгі марафонға қатысушылар құжат мәтінін жан-жақты талқылап шықты. Алты сағатқа созылған диалогтың негізгі қорытындысы шықты. Ата заңды жаңғырту өзекті әрі уақыт талабына сай жүріп жатыр. Сондай-ақ басты назар – адамға бағытталу қағидатына аударылған. Яғни мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың өмірі, денсаулығы, құқығы және құндылығы тұрады. Бұл – мемлекеттің іргетасы әрі алғаш рет негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Меніңше, бұл ел тарихындағы ең маңызды сәттердің бірі. Мен және замандастарым осындай тарихи сәтті бастан кешірудеміз. Қуанып та тұрмыз. Негізінен Конституциямыз көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұл заңды да. Өйткені әлем өзгеріп жатыр. Өмірдің өзі жылдап емес, ай санап өзгеріп жатыр. Бүкіл әлем цифрлық тұрғыда дамып жатыр. ЖИ барлық салаға еніп жатыр. Экологиялық өзгерістер орын алып жатыр.

Марафонда қатысушылар жаңашылдықтың үш негізгі бағытын талқылады: адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік құрылым, экономикалық және әлеуметтік егемендік. Дегенмен адам капиталы, ғылым, инновация, шығармашылық және экологиялық қауіпсіздік тақырыптары жиі көтерілді.

Елдос Абақанов, эколог:

- Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау саласы қоғам арасында өзекті мәселе. Ауа ластану мәселесі. Қала ішіндегі ағаштар мәселесі. Жалпы бұл өз алдына бөлек бағыт. Бұл салада салалық проблемалар көп жылдан бері қалыптасты. Бірнеше реформа өтті. Президентіміз экологияға ерекше көңіл бөледі.

Басты заңның жаңа редакциясы елдің ұзақ мерзімді дамуына негізделген. Бүгін бұл пікір бірнеше мәрте айтылды. Бірқатар депутаттың айтуына қарағанда, бұл құқықтық құжатты әрбір қазақстандық бап бойынша мұқият зерделеуі қажет. Себебі жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер азаматтардың әлеуметтік, құқықтық, экономикалық және технологиялық өмірінің барлық қырын қамтиды.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осындай басқосуда кездесіп, талқылап, бір-бірімізге сауалдар қойып, жауап табу өте маңызды. Өзім Конституция жобасын бірнеше рет оқысам да, бүгін мұнда отырып көптеген жаңа әрі маңызды жайттарды білдім. Жаңа құжат шын мәнінде адамға бағытталғанына, оның маңызды екеніне көз жеткіздім. Егер біз осы Конституцияны қабылдайтын болсақ, әділдік, заң мен тәртіп өміріміздің ажырамас нормасына айналатынына кәміл сенемін.

Жаңа Конституцияның түпкілікті жобасы 12 ақпанда жарияланды. 15 наурызда елде республикалық референдум өтеді. Дауыс беру парағында қазақстандықтарға «Жаңа Конституция жобасымен келісесіз бе?» деген бір ғана сұрақ ұсынылады. Жалпы құжат мәтінінің 80 пайыздан астамы қайта жазылды. Бұл – тәуелсіздік тарихындағы Конституцияға енгізілген ең ауқымды өзгеріс.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Рахманбердиев, Мерей Талап