Қазақстан 2029 жылға дейін энергия тапшылығын жоймақ

Қазақстан алдағы 3 жылда электр энергиясына ішкі қажеттілік толық жабылады. Энергожүйесі қазіргі уақытта 241 энергия көзін қамтиды.

Оның 162-сі – жаңартылатын энергия көздері. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында энергетика вице-министрі мәлімдеді. Ақпарынша, өткен жылы электр станцияларында 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға жөндеу жүргізілген. Бұл бағытқа бөлінген қаржыландыру 20%-ға артып, 411 млрд теңгеге жетіпті. Мұнымен қоса 17 мың км желі мен 420 қосалқы станция жөнделді. Жылу желілерінде 323 шақырым ауыстырылған. Нәтижесінде электр энергиясын өндіру бойынша тарихта болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің тарихи ең жоғары көрсеткіші – 17 273 МВт-қа қол жеткізілді. Бұл өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 7%-ға жоғары. ЖЭО-лардың тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді. ЖЭО-лардың рейтингі айтарлықтай жақсарды: 9 электр станциясы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, тағы 3 станция «сарыдан» «жасыл» аймаққа өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Биыл жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға жөндеу жүргізу жоспарланған.