Жалпыұлттық коалиция мүшелері Жамбыл жұртымен жүздесті
Жаңа Конституция жобасында «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағида анық жазылған. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Таразда тұрғындармен кездесуде осылай деді.
Төменгі палата спикері бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы Жамбыл облысына барды. Өңірде Коалиция мүшелері жұртшылықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция жобасы мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген ұлттық мүддесіне толық сай келетінін атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүние жүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын. Сондықтан таңдау да, соңғы шешім де өздеріңізде.