Отандық ғалымдар ірі қара мал терісін сақтаудың инновациялық технологиясын әзірледі
Елде төрт түлік көп, сосын сойылған малдан қалатын тері көп. Бірақ алушы жоқтың қасы. Отандық ғалымдар осы мәселені зерттеп, теріні барынша кәдеге жаратуға бейіл.
Осы орайда ірі қара мал терісін сақтаудың инновациялық технологиясын әзірледі. Яғни электрофизикалық әдіс арқылы теріні бастапқы өңдеу мен сақтау тәсілін жетілдірген. Жоба агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселе шикізат шығынын азайтуды көздейді. Жаңа технология терінің сапасын арттырып, сақтау мерзімін ұзартады.
Зерттеу жұмыстары Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының базасында жүргізіліп жатыр. Мал терісі – көптеген салада пайдаға асатын құнды материал. Ал оны қайта өңдеу арқылы табыс табатын кәсіпорындар аз емес. Жыл сайын елде ірі қара терісі көп жиналады. Алайда оның басым бөлігі уақтылы өңделмегендіктен кәдеге аспай босқа шіріп кетеді.
Өрісбай Шоманов, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Біздің ғалымдар теріні қайта өңдеуге сұраныс бар екенін ескере отырып, консервілеудің жаңа техникасы мен технологиясын әзірлеуде. Бұл әдісті шағын және орта кәсіпорындарда, ірі қара мал соятын жерлерде қолдануға қолайлы. Осы технология арқылы консервіленген терілерді қайта өңдеу зауытына жеткізгенге дейін ұзақ уақыт сақтауға болады.
Мамандар 15-тен астам отандық және шетелдік технологияны саралаған. Ең жоғары тиімділікті заманауи электрофизикалық әдістер –ультрадыбыстық және микротолқынды өңдеу, вакуумдық және конвективті-вакуумдық кептіру көрсеткен. Бұл әдістер консервілеу үдерісін 2–3 есе жылдамдатуға, энергия шығынын азайтуға және коллаген талшықтарының құрылымын сақтауға мүмкіндік береді.
Торғын Мелісқызы, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері:
- Малдың терлерін қабылдап алғаннан кейінгі бірінші этап, ол ветеринарлық құжаттар тексеру. Екінші этап, сол әр малдың терісінен, әр жерінен сынамалар алынып, микробиологиялық талдау жасаймыз және химиялық талдау жасаймыз. Яғни бұның мақсаты мал, дені сау малдан алған тері ма, не болмаса жаңадан сойылған тері ма, соны тексеру болып табылады.
Ғалымдар жаңа әдіске патент алуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, тері шикізатының шығыны азайып, отандық былғары өндірісінің сапасы артады. Сондай-ақ бүлінген тері азаятындықтан қоршаған ортаға түсетін салмақ та төмендейді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Радик Жакупов