Астанада оқу орталығына алданғандар әділдік сұрайды

Оқу орталығына алдандық деген ата-аналар Астанадағы Бас прокуратураның алдына жиналды.

Айтуларынша, оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын Tesla Education мыңдаған адамнан ақша алып, ізім-ғайым жоғалған. Ата-аналардан жинаған қаржыны қайтарамыз дегелі 4 айдың төңірегі болыпты. Бірақ күні бүгінге дейін ешкім ақшасын ала алмапты. Арызын айтқан ел алаяқтық жасаған оқу орталығының қызметкерлері тиісті жазасын алсын деп отыр. 

Бас прокуратура алдына жиналған ата-аналар Tesla Education оқу орталығын алаяқтық жасады деп айыптайды. Ұл-қызын ҰБТ-ға дайындау үшін Алматы мен Астана қаласының тұрғындары ақылы мектепке басы 500 мың, аяғы 2 млн теңгеге дейін санап берген. Алайда баламызға білім береміз деп сендірген оқу орталығы баламыздың болашағына балта шапты дейді.

Динара Бекболатова, Астана қаласының тұрғыны:

- Қызымды осы компанияға күзде бердім. Содан 12 айға 540.000 теңге төледім. Сонымен ақша қайтарылған жоқ. Ал мен қызымды ҰБТ-ға дайындаймын, 11-ші сыныпта грантқа түссін деп дайындағанбыз. Бұлар тағы кепілдік береді. Егер балаларыңыз грантқа түспесе, сіздердің ақшаларыңыз толық қайтарылады деген сияқты әңгіме айтады.   

Дана Батқанова, Астана қаласының тұрғыны:

- Менің балам ҰБТ-ға дайындалу үшін көлігімізді сатып тұрып баламызға 660 мың теңге төлегенбіз. Мен өзім көпбалалы анамын. Бізге бір айдың ішінде ақшаңыз қайтарылады деп айтты. Әлі ақша қайтарылған жоқ. Бұл кісілермен Есіл ауданы бойынша Прокатаураға да бардық. РОВД-ға да бардық өткенде. РОВД-ға барып тағы да арыз жаздық. Нәтижесі осы міне.

Назира Ахметова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен бөліп төлеп алдым. 1.300.000 теңге алдым, екі жылға. Сөйтіп үш ай оқытты. Соңғы бір аптада мұғалімдер келмейді, сабақ бермейді, - деп қызым айтты. Бүгін қазақ тілі мұғалімі жоқ. Бүгін математика мұғалімі жоқ, бүгін ағылшын тілі мұғалімі жоқ. Солай бола берді. Сөйтіп қарасам, Тиктоктан шығып тұр ғой. Алматы «осындай-осындай» деп шулап жатыр. Ойбу дедім, сөйтіп әрекет жасадық. Біз арыз жазғанбыз, осы уақытқа дейін ешкім хабарласқан жоқ. Ешбір назар аударылмады.

Қызығы ата-аналарға оқу орталығы нақты не үшін жабылғанын да ашып айтпаған. Құзырлы органдарға арыз жазылғанымен, істің қалай жүріп жатқанын да бейхабар. Ал Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Іс қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы бойынша қаралуда.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 300-ден аса жәбірленушілер бар. Олардың көбісі Алматы қаласында тұрады. Қазіргі таңда түскен арыздар зерделеніп, мәнжай анықталып, бір өндіріске енді. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген тергеу амалдары айтарлықтай дәрежеде жүргізілуде. Нәтижесінде процесуалдық шешім қабылданады

Ата-аналардың айтуынша оқу орталығы жабылғалы ондағы мұғалімдер де айлығын ала алмапты. Мекеме басшылығы сол күйі ел алдына шықпапты. Тек белгілі бір себептерге байланысты жабылып, ақша толығымен қайтарылады деп уәде берген.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Досбол Бәйділдин