Инклюзивті білім берудегі түйткілдер
Елде мүгедектігі бар балаларды оңалту үшін әрқайсысына күніне 8 мың теңгеден бөлінеді. Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қазіргі тарифін жеткіліксіз деп санайды.
Осыған байланысты ол тариф саясатын қайта қарап, қаржыландыру көлемін азық-түлікке, мамандарға және заманауи құрылғыларға жететіндей етіп өсіруді ұсынады. Мәселе аз емес. Мысалы, бөлмелер мен мамандардың тапшылығы бар. Бірақ бірінші кезекте тариф саясатының әділ болуын депутаттар алға тартып отыр.
Статистикадан бастасақ. Елде мүмкіндігі шектеулі 732 мың жан бар, олардың шамамен 15 пайызы - балалар. Депутат Ажар Сағандықованың айтуынша, инфрақұрылымның қолжетімділілігі 45 пайызға жетер-жетпес. Алайда профильдік ведомстводағылар мұндай көрсеткішпен келіспейді. Олардың дерегіне сенсек, инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай жасаған ұйымдардың үлесі 95 пайызға тең. Мұның ішіне кедергісіз орта қалыптастыру және білікті мамандарды тарту жұмысы кіреді. Дегенмен депутат Сағандықова балаларды тікелей қолдау жүктемесі көбіне үкіметтік емес ұйымдарға түсіп тұрғанын айтады.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Балаларды оңалту үшін қоғамдық бірлестіктер алатын мемлекеттік тапсырыстардың бірыңғай жүйесі бар. Бірақ ақшаның біршама бөлігі коммерциялық бөлмелерді жалға алуға кетеді. Мемлекетте, жергілікті атқарушы органдардың қорында бос тұрған орындар бар. Неге сол бөлмелерді білестіктерге белгілі бір жеңілдікпен бермеске? Бұл көмек олардың дамуына үлкен серпін берер еді.
Депутаттың айтуынша, бүгінде үкіметтік емес ұйымдар бөлмелерді нарықтық бағамен жалға алуға мәжбүр. Шаршы метріне 4 мың теңгеден төлейді. Алайда бұл саладағы барлық ұйымды бір ғимаратқа біріктірсек, шығын әлдеқайда аз болар еді. Әр балаға бөлінетін 8 мың теңгелік тариф бірнеше жыл бойы өзгеріссіз тұр. Сарапшылардың санауынша, оңалту қызметі сапалы болу үшін тариф кем дегенде 18 мың теңге болуы керек.
Иә, мектептер мен балабақшаларда тьюторлар тапшы, - дейді депутаттар. Тьюторлар дегеніміз ерекше балалардың қасынан қалмай, ортаға бейімделуге көмектесіп жүретін ассистент-педагогтар. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігінде педагог-ассистенттердің жетіспеушілігі сынды мәселе жоқ дейді. Бүгінде 6,5 мың ерекше балаға жоғарыда айтылғандай сүйемелдеу қызметі көрсетіледі.
Жәния Қадырбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
- Арнайы педагогтардың тапшылығы бар - логопедтер, дефектологтар, сурдопедагогтар және тифлопедагогтар. Себебі қазіргі таңда педагог-ассистенттерден педагогикалық білімнің болуы талап етіледі. Бұл міндетті талап ретінде енгізілген. Сонымен қатар, бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу үшін мол тәжірибесі бар педагогтер тағайындалады. Жұмысқа қабылдау қағидаларына, атап айтқанда, педагог-ассистентті конкурстық негізден тыс қабылдауға қатысты өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда.
Еске салайық, екі жыл бұрын білім беру жүйесінде жаңа қызмет түрі пайда болды - жеке көмекші. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларды сүйемелдеп, мектепке баруға жәрдемдеседі. Бүгінде осындай қызметтің түрін 129 бала пайдаланды. Ұлттық білім беру базасының дерегіне сәйкес, инклюзивті сыныптарда ерекше білім алу қажеттілігі бар 95 мыңға жуық бала оқиды. Бұдан бөлек елде жасы 18-ден асқан жастарды оңалтып, жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік бағдарлама құру ұсынылды. Менталдық ауытқуы бар бала кәмелет жасқа толғаннан кейін көп жағдайда қолдаусыз қалады. Салдарынан мамандар мен ата-аналардың осыған дейінгі еңбегі текке кетеді, дейді халық қалаулылары.