Екінші деңгейлі банктердің несие саясаты
Қазақстандық банктер бизнеске қарыз берерде тартынып қалып жатыр. Экономиканың бұл саласына берген қарыз үлесі төмен деңгейде қалып, 38 пайызды құрайды.
Бірақ өздері жеке тұтынушылардан триллиондап табыс табады. Бұл туралы Президент талай мәрте сын айтты.
Елдің экономикасына қаржы құярда банктер тым сараң. Бірақ жеке тұтынушылардан триллиондап табыс табады. Қарапайым қарашаға несие беріп қана мұртын майлап отыр. Қазақстандағы банк секторының жиынтық активтері 70,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл аз ақша емес. Алайда банктер бизнеске қаржы берерде селқостық танытқан. Әрі былтыр 3 трлн теңгеге жуық табыс тауыпты. Президент жақында өткен үкімет отырысында бұл қаржыны екінші деңгейлі банктер «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай тапқанын тілге тиек еткен еді. Жалпы бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызға жуығы банк саласына тиесілі. Мемлекет басшысы банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөзді талай рет айтты.
Банк секторының жиынтық активтері - 70,8 трлн теңге
2025 жылғы банктердің табысы - 3 трлн теңге
Жанерке Қайратқызы, сарапшы:
- Президенттің екінші деңгейлі банктерге қойып отырған міні - бұл қазір екінші деңгейлі банктердің тауып жатқан пайдасы өте жоғары басқа нысаналармен салыстырғанда екінші деңгейлі банктердің қаржылай кірістері жоғары. Бірақ дегенмен ол кірістер көбінесе жеке азаматтарды қаржыландырудан пайда болған пайда. Ал бірақ ол тікелей экономиканы күрделендіруге, экономиканы әртараптандыруға өзінің септігін тигізіп жатқан жоқ.
Ал Қазақстан банктері ресурсқа бай елдер ішінде ең көп пайда табады. Сарапшылар осындай пікірде. Мәселен, былтыр қаржы ұйымдарының жалпы несие портфелі 39,4 трлн теңгені құраған. Соның ішінен, бизнеске 14,85 трлн теңге ғана кредит рәсімделген. Ал қалған 24,57 трлн теңге – қарапайым халыққа берілген несие. Мемлекет керек кезде оларды қаржылық дағдарысқа жібермей, жәрдем де берді. Демек қайтарымы болу қажет. Бұқараға қарыз беріп, қоң жинаған сол банктер енді елдің экономикасын әртараптаныруға қолғабыс етуі тиіс, - дейді сарапшылар.
2025 жылы
Банктердің несие портфелі - 39,4 триллион теңге
Жеке тұлғаларға берілген несие - 24,57 триллион теңге
Бизнеске берілген несие- 14,85 триллион теңге
Бекнұр Сейітжанұлы, экономист:
- Бизнеске бұрыннан қанша бағдарлама жоспарлап бардым. Мысалы, банктерге дамуға да берген. Франчайзер деген кіші кәсіпкерлік, иә. Мысалы, соған несие арнау керек. Арнайы несие болу керек. Өйткені франчайзинг арқасында кәсіпкерлер көп салық төлейді. Оның арқасында жұмысты көбейтеді. Жұмыссыздықты жояды деген сияқты жақсы көрсеткіштері көп. Бірақ банктерге онша қатты пайда емес. Өйткені банк одан қатты пайда алады деп ойламаймын.
Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Осы орайда Президент, экономиканы қолжетімді несиемен қамтамасыз етудің тиімді жолын ұсынды. Яғни инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту арқылы бұл тығырықтан шығуға болады. Осылайша Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі жұмыс істеу қажеттігін тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-солды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, қазір елде ірілі-ұсақты 30-дан астам банк бар. Соның ішінде ірі бесеуі барлық банк активінің қомақты пайызын бақылап отыр. Осы тұста айта кетейік, Мемлекет 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі қаржы ұйымына, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсеткен. Ал сарапшылар әліптің артын бағайық, деп отыр.
23 екінші деңгейдегі банк
15 банк шетелдік банк
10 еншілес банк
Айбар Олжай, қаржы сарапшысы:
- Осы жылдың аяғын күтейік 2026 жыл біткеннен кейін осы «портфельный структура» құрылымын қараймыз. Сол кезде 2024-2025 жылы қалай болды бизнеске берілетін кредитеттердің ортақ үлесі осы 2026 жылы қалай болады соны түсіне аламыз. Шынымен де бұл тек қана Президенттің сыны айтылып, басқа нәрсе істемей қалған жоқ. Президент сыны айтылған сайын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай өзгерістерді енгізіп бастап жатыр. Банктерге шынымен оңай болып тұрған жоқ.
Алмақтың да салмағы бар. Енді екінші деңгейлі банктер сол берілген көмекті қайтару қажет. Жұмысы жалғасып жатыр. Әзірге 738 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарып берді. Ұлттық банк бұл жұмыс биыл да жалғасатынын жеткізді. Ал жалпы биылдан бастап заң бойынша Үкімет дағдарыс кезінде банктерді бюджет қаржысы есебінен құтқаруды доғарды. Демек банктердің қаржы жағдайын қалпына келтіру енді олардың өз жауапкершілігінде болады.