Қызылордада сарапшылар Конституция жобасын талқылады
«Гимн» терминінің орнына «Әнұран» деп жазайық. Шиелі ауданының тұрғыны Махамбетәлі Әбдіхамитұлы жаңа Конституцияның жобасына осындай өзгеріс енгізуді ұсынған.
33 жастағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бұл ұсынысын ресми портал арқылы жолдапты. Көп ұзамай оның тілегі орындалды. Жаңа ата заң жобасының 11-бабында Мемлекеттік рәміздерге қатысты «Гимн» термині «Әнұран» деп өзгерді.
Махамбетәлі Әбдіхамитұлы, Шиелі ауданының тұрғыны:
– Қарапайым ауылдың тұрғынысың. Сенің бір ұсынысың ескеріле ме, ескерілмей ме, сен бұл нәрсеге қалай сеніп отырсың деген сияқты. Бірақ әрі қарай бес күннен кейін Конституциялық соттан хабар келді, «ұсынысыңыз қабылданды» дегеннен кейін тіпті үлкен үміт оянды. Соны «Еститін мемлекеттің» тек қана жазу түрінде емес, іс жүзінде ол нәрсенің болып жатқанын бір дәлел ретінде қабылдаймыз.
Махамбетәлі өз пікірін «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» атты кездесуде де ортаға салды. Басқосуға облыс әкімі, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Сарапшылар Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің басым бағыты болып белгіленген экологиялық мәдениет, «Заң мен тәртіп», білім, ғылым, инновация, неке және отбасы құндылықтарына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Алтынай Молжанова, «Анаға тағзым» орталығының директоры:
– Ерекше әсер еткен тұстардың бірі - ол неке және отбасы мәселесінің ерекше айқындалып көрсетілуі. Жалпы берік отбасы - ол қуатты мемлекет. Егер отбасында тыныштық болса, ол жақтың іргесі берік болса, мемлекетімізде де тыныштық, тұрақтылық болады.