«Самұрық-Қазына» қоры қолдауымен балаларды оңалту орталықтарының саны артты

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарының саны артты. Соңғы 5 жылдың өзінде Самұрық-Қазына қоры қолдауымен 50-ден астам осындай нысан бой көтерді.  

Жыл сайын онда мыңдаған бала көмек алады. Бұдан бөлек қор бастамасымен дамуында ерекшеліктері бар балаларға кешенді қолдау орталықтары ашылды. Олар мүгедектігі бар балалар көп шоғырланған ауылдық мекендерде орналасқан.

7 жасар Айым Астанадағы «Қамқорлық» оңалту орталығының тұрақты келушісі. Сал ауруына шалдыққан бала 3 жылдан бері осында үзбей ем алады. Орталық түрлі диагноздармен, дамуында ерекшеліктері бар 18 жасқа дейінгі балаларға тегін кешенді көмек көрсетеді.

Дастан Сәтеков, ерекше баланың әкесі:

- Физиодан бастап, логопед-дефектолог, эрготерапевт. Біраз нәрсені қызыммен көрдік енді. Бірақ енді шүкір. Қазір басын ұстағысы келеді, тұрғысы келеді. ЛФК-пен ғана деді дәрігерлер. Осында алып жатқан еміміз жақсы шүкір.

Бұрын мұндай оңалту орталықтары тек Астана мен Алматыда ғана болса, бүгінде әр өңірде, тіпті бірқатар ауылдарда қолжетімді. Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust қолдауымен 55 оңалту орталығы ашылды. Олар ең мықты деген, заманауи, сапалы құралдармен жабдықталған. Жыл сайын онда 21 мыңнан астам бала көмек алады. Нәтижесінде, 6,3 мыңнан астамы аяққа тұрып, 8,3 мыңнан астам бала сөйлей бастады. 

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры:

- Соңғы 5 жылдың ішінде біз оңалту орталықтардың қатарын 50-ге жеткіздік. Жиырма ерте араласу оңалту орталығы бар. Біз мұнымен тоқтап қоймадық. Тек қана оңалту емес, ерекше балалар үшін оларды әлеуметтендіру аса қажет. Міне, осы бағытта біз аутизм балаларға арналған оңалту орталықтарды аштық. Олардың бүгінде қатары 10 қалада бар.

Қор инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға да ден қойған. Қазір Астана, Құлсары, Ақмола облысында барлығы 30-дан астам кабинет жұмыс істеп тұр. Ақтөбеде инклюзті спорт кешені бой көтерді. Алдағы уақытта осындай нысандар басқа өңірлерінде де ашылады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Бағдат Қайыркен