Елімізде тұңғыш рет агротехнопарк ашылды

Бұл жаңа технология мен ғылыми зерттеулерді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен дамытуға арналған арнайы орталық.

Аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын нысанда металл өңдеу цехы, кеңсе және толық циклді зертханалар жұмыс істейді. Жаңа нысанмен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та танысты. 

Асылжан Құрманғали, тілші: 

- Бұл отандық ғалымдардың шығарған дәнді дақылдары. Осындай дақылдан қолымдағылай өнім пайда болады. Мол әрі сапалы өнім шығару үшін ғылым мен технологияны бір арнаға тоғыстыру қажет. Осы мақсатта бүгін Қазақ агротехникалық зерттеу университеті базасында елімізде алғаш рет агротехникалық парк ашылды. Бұл парк ғылым мен өндірісті бір арнаға тоғыстырмақ.

Бүгінгі диқан тек кетпен ұстап, жер жыртқан адам емес. Ол технологиямен тілдескен, ғылыммен үндескен маман. Сондықтан ауыл шаруашылығында жаңа технологияның ролі айрықша. Елімізде аграрлық саланы жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Бұл бастама технологиялық бизнесті дамытып, ғалым мен кәсіпкердің күшін біріктіреді. Нәтижесінде қағаздағы жоба іске асып, агротехнологиялар сыналып, жетілдіріліп, нарыққа жол тартады. Осылайша нысан зертхана мен егістік арасын жалғайтын көпірге айналмақ.

Жұлдыз Сатаева, PhD, аға оқытушы, «Өсімдік майы эксперименттік-өндірістік цехының» меңгерушісі:

«Мен ойлаймын, агротехнопарктің келешегінде көптеген өндірушілерді тарту мүмкіндігі бар. Бұл жерге өндірушілер келіп, өндірістегі қандай мәселелері бар екенін айтып, тапсырма бере алады. Бізде пилоттық бірнеше жабдықтар бар. Солар бірнеше тексеруден өтіп, кейін пилоттық режимде шығарылады да, ары қарай өндірістерге ұсыныс жасауға үлкен мүмкіндік береді».

Онда органикалық өнімдер шығарылады. Қазақстан-Австралия инновациялық зерттеулері орталығы, агробиотехнология, микробиология және сараптамалық зертханалар жұмыс істейді. Өнім сапасы қатаң бақылаудан өтіп, экологиялық талаптарға сәйкестендіріледі. Заманауи зертханалар мен өндірістік алаңдар жаңа әдістерді сынап, тиімді шешімдерді нарыққа енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша орталық таза әрі бәсекеге қабілетті өнім өндірудің жаңа үлгісіне айналады.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

«Бүгінгі күні біз Қырғызстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясымен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірге осы технопаркты дамытамыз. Бұл технопарк Орталық Азияда өзінің басты рөлін атқаратын болады».

Агротехнопарк жаңа дақыл сорттары мен гибридтерді, заманауи биопрепараттар мен техникалық шешімдерді нарыққа жылдам шығаруға көмектеседі. Сол арқылы егістік өнімділігі мен тұрақтылығы артады, ал Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті күшейеді. Яғни бұл орталық ғылым мен өндірісті қосып, шаруаларға пайдалы, өнімділікті арттыратын жаңалықтарды жылдам жеткізетін орын болады.

Асылжан Құрманғали, Мұрат Әріпханов