Жаңа Конституция жобасы Қытайда талқыланып жатыр

Жаңа Конституция жобасы Қытай қоғамында да талқыланып жатыр. Әсіресе блогерлер мен интернет қолданушылары жиі пікір білдіріп, түрлі жазба қалдыруда. 

Олардың Қазақстандағы өзгерістерге деген көзқарасы қандай? 

Қазақстанның жаңа Ата Заңы Қытайдың интернет платформаларында қызу талқыланып жатқаны рас. Пікір әртүрлі. Кейбір блогерлердің жан-жақты талдау жасауға тырысқаны байқалады. Көпшілігі еліміздегі өзгерістерге қолдау білдіріп, ізгі тілектерін жеткізген. 

Сунь Чжуанчжи, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры:

- Менің ойымша жаңа реформа дер кезінде жүзеге асырылып жатыр. Өйткені қазіргі халықаралық жағдай өте құбылмалы, әсіресе Орталық Азия аймағындағы геосаяси ахуал өзгеріп келеді. Осындай кезеңде Конституциялық реформаны жүргізу мемлекет дамуының жаңа кезеңіне берік құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл шешім алдағы уақытта Қазақстанның одан әрі тұрақты дамуына және жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бағыттардың табысты орындалуына маңызды серпін береді деп есептеймін.

Бұл реформа қытай инвесторлары үшін аса маңызды. Олар біздің елдегі саяси өзгерістердің қалай жүзеге асатынын білгісі келеді. Сонымен қатар Қазақстанда білім алып жатқан қытайлық студенттер мен мәдени-гуманитарлық жобаларға қатысатын жастар да бұл тақырыпқа қызығушылық танытып отыр. Сарапшылар мұны заңдылық деп атады. Өйткені шекаралас жатқан көрші елдің заңдары мен саяси қадамы мемлекетаралық қарым-қатынасқа, экономикалық және сауда байланыстарына тікелей әсер етеді. 

Сунь Чжуанчжи, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры:

- Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты, осы уақыт ішінде саяси, экономикалық және мәдени салаларда айтарлықтай табыстарға жетті. Реформа осы құнды тәжірибелерді сіңіре отырып жүзеге асырылып жатыр деп санаймын. Қазақстан да өзінің ұлттық ерекшеліктеріне сай даму үлгісін қалыптастыруда. Мұнда басты назар халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған. Сонымен қатар басқа мемлекеттердің басқару тәжірибесіндегі озық үлгілер де ескерілген. Яғни бұл – ұлттық  және халықаралық тәжірибенің үйлесімі. 

Қытай қоғамында әлеуметтік желіде саясатқа қатысты жазба жариялау шектелген. Әсіресе сыртқы саясат талқылаулары цензураға ұшырап кей жағдайда жойылып, бұғатталып жатады. Соған қарамастан біздегі Конституциялық реформа туралы қытайлықтардың жиі пікір жазуы олардың көрші мемлекеттердегі саяси үдерістерге бейжай қарамайтынын көрсетіп отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын