Жаңа Конституция – заман талабы
Қоғам дамуы мен мемлекеттің болашағы - Ата заңмен айқындалады.
Заман өзгерген сайын елдің саяси, әлеуметтік және рухани сұранысы да өзгереді. Бүгінде еліміз цифрлық дәуірге қадам басып, адам құқығы мен бостандығының салмағы арта түсті. Бұл туралы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің мәдениет саласының өкілдерімен кездесуінде Аида Балаева айтты. Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі жаңа Конституция жобасы – халықтың сұранысына, уақыт талабына жауап беретін маңызды құжат екенін атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасына қатысты халықтан 10 мыңнан аса ұсыныс түскен. Сондықтан бұл құжатты халықтық Конституция деп атауға болады. Жаңарған Конституция – заман талабына сай жазылған құжат. Соңғы жылдары елде креативті индустрияны қолдау қоры құрылып, өңірлерде креативті хабтар ашылуда. Бұл ел болашағының жаңа экономикалық негізі болмақ. Кездесуде суретшілер, актелер мен режиссерлер қауымы сөз сөйлеп, жаңа Ата заң туралы пікірлерін ортаға салды. «15-наурызда өтетін референдум бірнеше жыл бұрын басталған өзгерістердің нәтижесі. Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет құру», - дейді шығармашылық сала өкілдері.
Талғат Теменов, Қазақстанның халық әртісі:
- Менің Конституциядан күтетінім бұрын жазылмаған, бұрын айтылмаған өнер туралы. Соның ішінде кино туралы, біздің тарихымыз туралы, руханият туралы тайға таңба басқандай жазылғаны. Яғни осы уақытқа дейін ешқашан ата заңда ондай жолдар, ондай жазулар болмаса, енді осы жазылып отыр.
Болат Қалымбетов, актер, кинорежиссер:
- Содан кейін ғылым, экология ең бастысы адам тағдыры. Адамның тағдыры деген ол біздің мемлекетіміздің ертеңгісімен бүгінгісі, болашағы.
Конституция жобасында сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндікке кепiлдiк берiледi. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады. Яғни ел дамуының өзегіне адамды, оның білімі мен мәдениетін қойып отыр, - дейді жиынға қатысушылар.
Жалын Тілеуберген, кинопродюсер:
- Бұл біз сияқты жас режиссерлер, актерлер, сценаристер, суретшілер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені енді шикізат емес, идея басты ресурс ретінде мойындалады.
Нұржан Жалауқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- Жаңа Конституция жобасында адам және азамат құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ерекше мән берілген. Мұнда мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігі айқындала түскен. Сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының рөлі де күшейтілген.
Мемлекеттің негізгі құндылықтары – егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық – өзгермейтін қағидат ретінде бекітілді. Коалиция мүшелері «Әділетті Қазақстан» идеясы мен заң үстемдігі қағидаларында талқылады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов