Былтыр тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетті
Елімізде миллиондаған шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, баспана бағдарламаларының саны артты.
Мәселен, былтыр тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетіп, 20 млн шаршы метрден аса баспана салынды. Елімізде 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осы арқылы 1 млн-нан астам адам жеке баспаналы болады. Демек, алдағы үш жылда 1 млн адам үй-жайлы болдық деп сүйіншілейді.
Жалпы елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 42,4%-ға артты. Ол 1091 шаршы метрді құрады. Ұлттық статистика бюросы елдегі құрылыс жұмыстарына қатысты деректерді жариялады. Биыл қаңтарда құрылыс жұмыстарының көлемі 14,4% ұлғайып, 172 млрд теңгені құрады. Жалпы құрылыс саласы экономканың негізгі драйверлерінің бірі. Мәселен 2023-ші жылы 17,8 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, 2024 жылғы көрсеткіш 19,1 млн шаршы метр. Ал былтыр елімізде 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Жалпы өткен жылы 37 219 тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілген. Оның 2 591-і көппәтерлі тұрғын үй.
Қолданысқа берілген тұрғын үй алаңы - 42,4%
Құрылыс жұмыстарының көлемі - 14,4%
Тұрғын үй
2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр
2023 жылы– 17,8 млн м2
2024 жылы– 19,1 млн м2
2025 жылы– 20,1 млн м2
Жанерке Сағымжан, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:
- Енді алдағы осы жылға келетін болсақ, биылға жоспарланған мақсат өте көп. Құрылыс саласы бойынша 2026 жылы бізде шамамен 20,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру, халықты қамтамасыз ету тұрғын үймен жоспарда бар. Осы қаңтар айының қорытындысына сәйкес, 1 млн шаршы метр тұрғын үй қазіргі таңда пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының 2023-2029 жылдар аралығында 111 млн шаршы метр пайдалануға беру бойынша бағдарламасына сәйкес, бүгінгі таңның өзінде 51,4 пайызға дейін осы құрылыс саласы бойынша орын алған болатын.
Осы орайда айта кетейік, биылғы қаңтарда баспана бағасы қымбаттап, нарықтағы сауда бәсеңдеді. Тұрғын үй сарапшыларының сөзінше, бастапқы нарықтағы баға бір жылда 17 пайызға өскен. Астанада бұл көрсеткіш 18 пайызға, ал Алматыда 20 пайызға жеткен. Бұл ретте Алматы абсолют рекорд орнатты: 1 шаршы метрдің орташа құнын 820 мың теңгеден бағалапты. Элиталық тұрғын үй сегментінде бағалар одан да жоғары саудаланған. Ал Шымкенттегі тұрғын үйлер бағасы 15,1 пайызға артқан. Тек Петропавлда баспана құны өзгеріссіз қалыпты. Сатылатын үйлердың басым бөлігін эконом және жайлы санаттағы үйлер құрайды. Солардың бағасы нарықтың парқын айқындайды. Негізінен жаңадан салынып жатқан үйлердің құны артқан. Тұрғын үй саласының мамандары бағаның әлі құбылатынын айтып қалды.
Алматы 23,6%
Павлодар 18,5%
Ақтөбе 18,4%
Астана 18,1%
Шымкент 15,1%
Айзат Ерғали, Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы:
- Қазір құрылыс компаниясының өздері де бағаны ұстап тұр. Бірақ күнделікті қарап отырсаңыздар 5-10 мың квадрат қосылып жатыр. Оны біз күнде ішінде жүрген адамдар ғана көріп жүрміз. Анда санда бір келіп қараған кезде жұрттар таң қалып жатыр. Сондықтан мүмкіндігі барынша үй алып алыңыздар. Тіпті аз пайыздық 10 пайыздық ипотекалар бар. Құрылысшылар, құрылыс компаниялары беретін бөліп төлеу жүйесі бар, соны қолданып алып алған дұрыс.
Үйлі болсам деп жүрген жандарға жақсы жаңалық. Кешеден бастап жеңілдетілген ипотеканы тек Отбасы банкінен емес, жеке меншік банктерден де рәсімдеуге болады. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесіне қатысты заңға осындай өзгерістер енді. Яғни екінші деңгейлі банктер баспанаға арналған депозит ашып, соның негізінде ипотека беру қызметін көрсете алады. Жеке қаржы ұйымдарының қызметі кеңейді. Заңға өзгерістер енгенімен, екінші деңгейлі банктерге қойылатын қосымша талаптар әзірге нақты жарияланған жоқ. Отбасы банкіндегі жинаққа банк пайызы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы төленеді. Ал екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесімен жұмыс істеу тетігі берілгенімен, мұндай сыйақы қарастырылмаған.
Олжас Рамазанов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:
- Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заңының 10 бабына сәйкес, мемлекеттік сыйлықақы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейлі банктерге қолданылмайды. Бірыңғай міндетті талаптар атап айтқанда, жинақтаудың ең төменгі мерзімі мен сомасы немесе депозиттер мен қарыздар бойынша тіркелген мөлшерлемелер белгіленбейді. Осылайша, банктер шарттарды өздері айқындайды.
Әзірге коммерциялық қаржы ұйымдары нақты болжам жасауған жоқ. Десе де біздің сауалымызға жауап берген екінші деңгейлі банктердің бірі нарықтың ашық екенін, алайда пайыздық мөлшерлеме секілді тетіктердің әлі де жасалып жатқанын жеткізді.
Екінші деңгейлі банк:
- Бүгінде банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу жұмыстарын пысықтап жатыр. Қазір тиісті өнімдерді іске қосу, олардың шарттары мен жұмыс істеу механизміне қатысты шешімдер әзірленуде. Ішкі процедуралар аяқталып, қажетті тұжырымдама бекітілген соң, банк тарапынан толық ақпаратты жариялаймыз.
Баспана азаматтар үшін әлеуметтік қауіпсіздік және экономикалық еркіндік, дейді сарапшылар. Сондықтан «тұрғын үй жинақ банкі» тетігінің кеңеюі – тұрғындар үшін өзінің қалтасына қарай таңдау мүмкіндігін беріп отыр. Әрі қаржы ұйымдары арасында нарықтағы бәсекелестікті арттырады.
Бауыржан Ысқақ, сарапшы:
- Бірінші кезекте банктердің несиелік портфелін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтардың таңдау құқығына мүмкіндік береді. Үшіншіден, азаматтардың үй сатып алуға деген қабілетінің артуы бұл құрылыс компаниялардың жандануына, ол өз кезегінде қаншама азаматтың сол салада еңбек белсенділігін көбейтуге, ол айналып келгенде құрылыс материалын шығаратын кәсіпорындардың жандануына және соңғысы салықтық базаны қалыптастыруға. Сонда бір ғана жобаны жүзеге асыру арқылы мемлекет азаматтарды жұмыспен қамтиды, салықтық базаны, бәсекелестік нарықты, азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге жол ашады.
Бүгінге дейін Отбасы банкі саланы жалғыз қалыптастырған еді. Ол халықтың баспаналы болуына септігін тигізгені де даусыз. Бірақ бәсеке жоқ жерде даму қарқыны тежеледі. Сондықтан жеке банктердің ипотекаға қосылуы – нарыққа жаңа дем бермек. Сонымен қатар құрылыс саласы заман талабына сай сандық жүйеге көшіп жатыр. Басымдық барлық процестердің ашықтығын қамтуға беріледі. Құрылыс жобасы циклінің негізгі кезеңдерін қамтитын порталды іске қосылды. Ол кадастр мен сараптама секілді маңызды бағыттарды бір жерге топтастыратын платформа. Мамандар мұндай жүйені уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, - дейді.
Авторы: Айнұр Қуатқызы