Бейнеу – Сексеуіл автожолы салынады
Маңғыстау облысында биыл Бейнеу – Сексеуіл автожолының құрылысы басталады.
Жаңа тасжол халықаралық ТРАСЕКА көлік дәлізінің бір бөлігіне айналмақ. Жолдың жалпы ұзындығы 559 шақырым. Ол Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аумағын қамтиды. Соның 125 шақырымы Маңғыстау өңіріндегі Сам, Ноғайты және Тұрыш елді мекендерінің маңынан өтеді. Жоба аясында өңірдегі 73 шақырым жол жаңартылып, 52 шақырым жаңа жол салынады. Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда, жобаның маңызы зор,- дейді жауаптылар.
Арман Жолдықұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Жаңа жол болған соң жолдың бойында жол-сервистік объектілері салынады. Май құю бекеттері салынады. Қазіргі кезде жобаны бастауға қаражат іздестірілуде. Жоспар бойынша осы 2026-ның екінші жартыжылдығында жобаны бастап кетеміз деген жоспардамыз.