Астанада жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жаңа Конституция жобасында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет екені нақты айқындалды.

Оның ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Бұл туралы профессор Исидор Борчаш-вили Әділет министрлігі мен Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында мәлімдеді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және заңгер-ғалымдар қатысты. Жиын барысында бірпалаталы парламентке көшу, Халық кеңесін құру және вице-президент лауазымын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар білім, ғылым және инновацияны стратегиялық бағыттар ретінде айқындау аталған салалардың дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Ерлан Сәрсенбаев, ҚР Әділет министрі:

- Ата заңымыз туралы айтатын болсақ, алғашқы қадам ретінде біз адамның капиталын ең бірінші орынға қойып отырмыз. Осының бәрін ескере отырып, біз халықтық Ата заң деп айтуымызға да болады. Біз енді алғашқы рет Ата заңымыздың жобасында «Миранда» қағидасына байланысты нормаларды енгізіп отырмыз. Адвокатура институтына байланысты тиісті баптарды енгізіп отырмыз. 

Исидор Борчашвили, Астана Халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Комиссия жұмысы мұқият жүргізілді. Азаматтардан түскен ұсыныстар ескеріліп, қажетті түзетулер енгізілді. Жаңа Конституция - мемлекетіміздің дамуының тарихи кезеңін білдіреді. Білім, ғылым және инновациялар стратегиялық бағыт ретінде белгіленді. Экология да басты назарда.