Павлодар облысында жаңа технология жол қозғалысын реттейді

Павлодар облысындағы тас жолдарда цифрлық технология қозғалысты реттеп, ереже бұзу деректерін жедел тіркеп отырады. 

Кез келген оқиғаны қалт жібермей қадағалайды. Жыл басынан бері жылдамдықты асырудың 300-ден астам дерегін анықтаған. Тың құрылғы патрульдік автокөліктерде орнатылған. Полицейлер апат жиі болатын жерлерде тұрып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Облыс жолдарында көлік жылдамдығын Еkin Patrol G2 цифрлық кешені бақылайды. Бұл құрылғы патрульдік автокөліктерде орнатылған. Мобильді фото-бейнефиксация жүйесі айналасын 360 градусқа шолып шығады. Өңірде осындай 30 кешен жұмыс істеп тұр. Ақылды жүйенің көмегімен жыл басынан бері жылдамдықты арттырудың 337 дерегі анықталып, жүргізушілерге 10 миллион теңгеден астам  айыппұл салынды.

Айдын Жүнісов, әкімшілік полиция басқармасы бастығының м.а:

- Жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешендер бізде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге орнатылады. Бағдарламалық кешен шеңберлік форматтағы бейнебақылау камераларымен жабдықталған және бір мезгілде жылдамдықты арттырудың бірнеше дерегін тіркей алады. Ең бастысы жүргізуші мен патрульдік полиция қызметкері арасында тікелей байланыс болмайды.

Жол қозғалысы тек жерден   емес, әуеден де бақыланады. Тасжолдарда ұшқышсыз ұшу аппараттары кезекшілік атқарып тұр. Көліктің жылдамдықты асыруы, қарсы бақытқа шығуы биіктен анық көрінеді. Мәліметтер экипажға бірнеше секундта жеткізіледі. Полиция департаментінің балансында бес дрон бар

Олжас Ширажиданов, патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:

- Дронның көмегімен қарсы жолаққа шығып кету, бағдаршамның қызыл белгісіне өту, қауіпсіздік белдігін тақпау, ұялы телефонды пайдалану сияқты сияқты құқық бұзушылықтар анықталады. Барлық заңға қайшы әрекеттер назардан тыс қалмайды.

Цифрлық технологиялар құқық қорғау қызметінің жұмысын едәуір жеңілдетіп отыр. Себебі камералар мен дрондар жылдамдықтан бастап қауіпті маневрларды  лезде тіркейді.

Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошкарбаев