Қызылордада жол ережесін ЖИ бақылайды
Қызылордада көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің қайтадан рульге отыруы тыйылар емес.
Жыл басынан бері өңірде 170 адам темір тұлпар тізгіндеу құқығынан айырылған. Сорақысы сол, 64-і жүргізушіге бұған дейін де көлікті тізгіндеуге тыйым салынған екен. Енді мұндай заң бұзушыларды анықтау тәсілі күшейтіледі. Өңірде бет-әлпетті тану мүмкіндігі бар 10 бейнеқұрылғы іске қосылды. Сонымен қатар 20 «интеллектуалды қиылыс» жүйесі жұмыс істеп тұр. Жалпы облыс бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін 183 құрылғы бар. Олардың көмегімен жыл басынан бері 11 мыңнан астам құқық бұзу дерегі анықталған.
Мұратбек Манатов, полиция департаментінің ӘКБ бастығы:
- Бұл жүйелер жылдамдық режимін арттыруға және көше қиылыстарында бағдаршамның жүруге рұқсат етілмеген түсінен өту және жол белгілері талаптарын, таңбаларын сақтамаған құқық бұзушылықтарды анықтайды. Сонымен қатар қазіргі таңда бейнебақылау жүйелерін бет-әлпетті, яғни Face ID тану мүмкіндігін кезең-кезеңімен қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде.