Жамбыл облысында 29 нысанның шатыры бүлінді

Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданында қатты соққан дауылды желден 29 нысанның шатыры бүлінді. 

Таң ата басталған желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен. Ауданға қарасты 7 елді мекендегі ғимараттардың шатыры ұшты. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан бар. Сонымен қатар 19 елді мекенде электр жарығы өшіп, тағы жеті елді мекенде газ беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстарына 10 бригада жұмылды. Мамандар электр жарығы мен газды қайта қосу, сондай-ақ бүлінген нысандарды зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен тұрғындар жоқ. Жергілікті билік жағдайды бақылауға алып, апат салдарын жойып жатыр.

Ерғазы Еспенов, Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

- Қалпына келтіру жұмыстары аясында барлық елді мекендерге жарық беріліп, бүгінгі күнге тек қана Алғабас пен Көгершін ауылдық округтері ғана қалды. Газ желілерінің бүлінуі жеті елді мекенде орын алса, барлығы ретке келтіру жұмыстары аясымен газбен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта жүзге жуық абоненттен өтінім түсіп үй ішілік жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағытта РЭС мекесінен жеті топ, газ тарату мекемесінен үш топ жұмыс атқарып жатыр.