Қызылордада медициналық нысандар жаңартылады

Қызылордада кейбір емханалар тұрғындарға тиісті деңгейде медициналық қызмет көрсете алмай отыр. Өйткені ғимарат ескі әрі тар.

Дәрігер болғанымен кабинет жоқ. Сондықтан кезек көп. Титов ықшам ауданының тұрғындары осындай мәселе көтеріп редакциямызға хабарласты.

Титов ықшам ауданындағы емхананың іргетасы 60 жыл бұрын қаланды. Нысан бастапқыда тігін фабрикасы болған. Кейін жанынан қосымша ғимарат салып, емдеу мекемесіне айналдырды. Қазір бұл емханаға 36 мыңнан аса қала тұрғыны тіркелген.

Сәуле Омарова, қала тұрғыны:

- Дәрігерге барғанда міндетті түрде кезек көбейеді. Себебі кабинеттердің жетіспеуіне және де түрлі мәселелерге байланысты деп ойлаймын. Әр кабинеттің алдында ондаған адамдар кезек күтіп отырамыз. Ұзақ уақытты алады. Сыйымдылығы өте төмен.

Бөлме жетпен соң бірнеше дәрігер бір кабинетте отырады. Келген науқасты да қатар қабылдауға мәжбүр. Орын жетпеген мамандардың бір бөлігі Шанхай ықшам ауданындағы ескі ғимаратта жұмыс істейді. Бұған қоса диагностикалық және зертханалық құрылғылар да тар бөлмеде орнатылған. Мұның бәрі медициналық қызмет сапасына кері әсерін тигізіп келді. Мәселені шешу үшін ықшам ауданда 400 орындық жаңа емхана салынатын болды.

Сағидулла Рысалдиев, емхананың бас дәрігері:

- Ертең бұл ғимарат салынған кезде екі ғимараттағы барлық қызметкерлер, ұжымымызбен бір жерде орналасатын боламыз. Яғни күндізгі стационар барлығы бір жерде орналасады. Құрылғылар, рентген, КТ сол сияқты қызметтің барлық түрінің аясы кеңейеді. Яғни сапалы, толық көлемде көмек көрсетуге үлкен септігін тигізеді.

Алдағы уақытта өңірдегі медициналық нысандар толық жаңартылмақ. Облыс орталығында тағы 500 келушіге арналған емхана және перинаталдық орталық бой көтереді.

Олжас Ысқақов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біздегі енді қалып тұрған мәселе - 250 келушіге арналған Арал ауданында жаңа аудандық емхана салу. Оны қазір тиісті министрлікпен жұмыс жасап жатырмыз. 2027 жылдың бекітілген бюджетіне қосып жатырмыз.

Сонымен қатар қалаға қарасты Тасбөгет кентіндегі 4-ші емхана да жаңа кейіпке енеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев