Каспий жағасында әжелер суға шомылып жүр

Арқада боран. Ақпан-тоқпан әлек салып тұр. Бұдан кейін аяз келеді. Шығыс пен солтүстікте күн 35 градусқа дейін суытады. 

Десе де осы алты ай қысты елең қылмай жүрген жандар бар екен. Каспий жағасында 60-70 жастағы әжелер шомылып жүр. 

Таңғы сағат 8. Қар болмағанымен Ақтауда әдеттегідей ызғырық жел. Бірақ бұл спортшы әжелерге кедергі емес. Олар күнделікті жаттығу жасау үшін осылай теңіз жағалауына жиналады. Жылдам жүріп келген бетімен жағажай жиегінде алаңға тоқтап, дене шынықтыру жаттығуларын жасауға кіріседі. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Біз 15-шағын аудан жағажайындамыз. Спортшы әжелер күн сайын осы жерге жиналады. Олар таңертең белгілі бір уақытта үйден шығып, көшеде келе жатқан топқа қосылып отырады. Сөйтіп 10-15 мың қадам жасап, жағалауға жетеді. 

Дина Оразбаева жақында 60 жасқа толады. Зейнеткер COVD 19  індеті тараған жылдары қатты ауырып, біраз уақыт үйде жатып емделгенін есіне алды. Спортпен шұғылдануды бастағалы бері ағзадағы оң өзгерістерді байқаған. 

Дина Оразбаева, қала тұрғыны:

- Өзім лабораторияда жұмыс жасаған соң, сараптама қорытындысын үнемі қарап отырамын. Тексеріп отырамын. Бұдан үш жыл бұрынғы анализімді қарасам, қазіргі қорытындысы жер мен көктей, шыны керек. Таңертең ерте тұру, жүру өзіңді қамшылағанның арқасында. Осындай таңғы серуен өте керемет.

Ақкенже Шағырбаева, қала тұрғыны:

- Қазақ халқы негізінен көшпенділер дейді ғой. Біз жүретін халықпыз. Қазақ халқына тәнті ол – жүру, қозғалыс. Ата-бабамыздан келе жатқан салт. Біздің генетикамызда орналасқан қой негізі. Сол біз жүрген сайын жасарамыз, жақсарамыз. Ақтаудың адамдарына айтарым осы теңізді пайдаланыңыздар. Суы бізге ем. 

Салауатты өмір салтын ұстанған топта 35 пен 80 жас аралығындағы 60 адам бар. Көпшілігі қысы-жазы теңізге шомылудың арқасында тұмау сияқты маусымдық ауруларды ұмытқан. Әлі күнге дейін гимнастикамен шұғылданып, шпагатқа еркін отыратын Күлән Әбдікәрімқызы жағада серуендеп жүрген көпшіліктің таңдайын қақтырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев