Каспий жағасынан өлі аққулар табылды
Маңғыстау облысында теңіз жағасынан өлі аққулар табылды. Табиғат қорғау инспекторлары Сайын Шапағатов ауылы маңындағы жағажайды бақылау барысында 11 аққуды тапқан.
Алдын ала болжам бойынша, құс өлекселері ашық ауада ұзақ уақыт жатқан. Мамандар олардың жағдайына байланысты ветеринариялық сараптама жүргізу мүмкін болмағанын айтады. Сол себепті құстар арнайы полигонда жойылды. Қазір Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылы, Сайын Шапағатов ауылы және Ақтау қаласының теңіз жағалауында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Экологтар теңіз суынан сынама алып, зерттеу нәтижелері алдағы күндері белгілі болатынын мәлімдеді. Бүгінде Қаракөл көлі аумағында жүзге жуық қызғылт қоқиқаз бен 150-ден астам аққу тіршілік етеді. Мамандардың дерегінше, биыл бұл жасанды көлде құстың жаппай қырылу дерегі тіркелмеген.
Ербол Әлібеков, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:
- Мұндай жағдай жыл сайын миграция кезінде кездеседі. Негізінде қорқатын ештеңе жоқ. Әлсіреп қалуы мүмкін деген жағдайлар да кездеседі. Сондықтан уайымдайтын ештеңе жоқ, құсттардың жаппай өлімі тіркелген жоқ.