БҚО-да кәсіпкерлер мәселесі талқыланды  

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірқатар нысандарға барып, жұмысымен танысты. 

Сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесті. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары, Салық кодексінің қолданысқа енгізілуі, проактивті экономикалық саясат құралдары, сондай-ақ кәсіпкерлердің нақты мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, стратегиялық жоспарлау тетіктері мен мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Бүгінде экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында «жедел дамушы қалалар» форматында арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Мұндай жаңашылдықтар инвестициялар тартуға және экономикалық өсімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі 

- Жаңа Конституция жобасында меншік нысандарының барлығы тең дәрежеде қорғалатынын атап өткен жөн. Бұл инвесторлар, кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес үшін аса маңызды. Меншік құқығы қорғалады, алайда оны пайдалану экологиялық стандарттар мен өзге тұлғалардың құқықтарын ескеруі тиіс. Бұл жауапты нарықтың заманауи үлгісін қалыптастырады.