Қарағандыда 7 млн көшет егіледі 

Қарағандыда қылқанжапырақты ағат көшетін өсіру ісі дамып келеді. Италиялық технологияны меңгерген кәсіпкер шырша, майқарағай және қарағай тұқымын егіп отыр.

Владимир Крючков бұл қарағайларды 15 жыл бұрын еккен. Ұзақ күтім мен еселі еңбектің арқасында осылай еңселі болып өскен. 

Қазір осы далада шамамен 30 мың түп ағаш бар. Кәсіпкер көшеттері жабық тамыр жүйесімен өндіреді. Яғни ағаш тұқымын арнайы контейнер-кассеталардағы топыраққа салады. «Мұндай әдіспен шыққан көшет 100% тамырланады», - дейді бағбан.

Владимир Крючков, қала тұрғыны:

- Біз тұқымды арнайы кассетада өсіреміз. Онда өсірілген көшет суару кезінде жылдам тамырланады. Топырағына тыңайтқыш сеуіп, тұрақты күтім жасаймыз. Тіпті қолайлы климаттық жағдай да жасалған.

Бағбан қарағай, шырша мен майқарағай көшеттерін жылыжайда өсіреді. Қазір итальяндық технология арқылы 200 мыңға жуық ағаш өнген. Алдағы уақытта оларды облыс бойынша егуді жоспарлап отыр. 

Владимир Крючков, қала тұрғыны:

- Қарағай тұқымы – табиғаты берік, пайдалы ағаш. Ол ауаға көп мөлшерде эфир майын бөліп шығарады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның тазалығына және адамдардың денсаулығына оң әсер етеді. Сондықтан біз қылқанжапырақты ағаш түрлерін өсіруге басымдық бердік.

Қарағанды облысында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Орман қорын молайту үшін былтыр 450 гектарға 2 млн-нан астам көшет егілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. 

Бақтияр Санбаев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Биыл біз 600 гектар жерге 2 млн 200 мың ағаш көшеттерін отырғызайын деп жатырмыз. Ол жаңағы үйеңкі қарағай, қарағаш терек. Бұл жұмыстар бізде осы көктемде сонымен қатар күзде болады. Бізде бүгінгі уаытта жерсіңдіру 60 пайызды құрайды. Сол 60 пайыз көрсеткішке жеткізу үшін сол барлық жұмысты атқарып жатырмыз.

Аймақта орман қорының жалпы аумағы 127 мың гектарға жетеді. Бірақ ондағы нақты орманды алқап 69 мың гектар ғана. Сондықтан жасыл желек аумағын ұлғайту жұмыстары жалғаса бермек. 2027 жылға дейін өңірде 7 миллион түп ағаш егу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Бает Лиана Жамлиханова, Сайлау Игликов