Геологиялық барлауға қомақты қаржы қаралды

Биыл Үкімет резервінен кешенді геологиялық барлауға 40 млрд 700 млн-нан аса теңге бөлінеді. Премьер-министр қаулыға қол қойды.

Себебі Мемлекет басшысы жер қойнауын зерделеу және елдің минералдық-шикізат базасын толықтыру жөнінде тапсырған. Осылайша, 20 жоба қаржыландырылады. Жұмыс 100 мың шаршы шақырымға жуықтайды. Бір учаскенің орташа ауданы 5 мың шаршы шақырымға шамалас. Заманауи геофизикалық, қашықтан және геохимиялық зерттеу әдістері мен деректерді терең цифрлық өңдеу қолданылады. Бұл геологиялық карталарды қалыптастырып, әлеуетті учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Барлық жобаны 2028 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік геологиялық зерттеуге 240 млрд теңге қарастырылып отыр.