Жолдау-2026: Жер қойнауы 50 мың масштабпен зерттеле бастады
Елімізде алдағы үш жылда 100 мың шаршы шақырым аумаққа геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін 20 жоба іске қосылып, жер қойнауын зерттеуге жасанды интеллект, спутниктік деректер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылмақ.
Сондай-ақ 5 миллионға жуық геологиялық дерек цифрландырылып, бірыңғай платформаға енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық.
Сондықтан Мемлекет басшысы озық технология үлгілерін қолдану, жаңа кен орындарының көзін табуда салаға қомақты қаражат тарту міндеттерін жүктеді. Президент пәрменін орындауда құзырлы министрлік нендей жаңашылдық енгізбек?
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Мемлекет басшысының жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында екі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірінші – жер қойнауын заманауи технологиялармен зерттеу. Биыл елімізде алғаш рет 1:50 мыңдағы масштабтағы мемлекеттік геологиялық түсірілім басталды. Жұмыс барысында дәстүрлі әдістермен қатар, белгісіз кен орындарын анықтауға арналған Ionic Leach технологиясы, жасанды интеллект, спутниктік деректер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады.
Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс барлау» компаниясының бас директоры:
- Ол нені білдіреді? Осы Қазақстан бойынша 200 мыңдық масштабпен салыстырғанда, ол 16 есе дәлірек болады геологиялық ақпарат. Сол ақпаратқа сай инвесторлар біздің Қазақстанға инвестиция құюға дайын.
Геологиялық түсірілім нәтижесінде биыл әлеуеті жоғары жеті нысанның ізі анықталды. Деректерді цифрландыру ісі де жүйелі жолға қойылып, 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен 109 мың аумақтың сызбасы бірыңғай ақпараттық платформаға көшірілді. Нәтижесінде геологиялық қорда жинақталған бес миллионға жуық бастапқы дерек цифрлық форматқа айналған.
Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс барлау» компаниясының бас директоры:
- Көптеген цифрланған біздің геологиялық материалдарды қазір біздің суперкомпьютерге енгізіп, жасанды интеллектіні қолдануды бастап жатырмыз. Кезінде геолог бір отчетты 1-1,5 ай оқитын болса, зерттеп, қазіргі уақытта жасанды интеллект оны 1-1,5 сағатта өзінің пікір-ойын білдіре алады. Сондықтан ол біздің уақытымызды үнемдейді. Кеңес Одағы уақытында үлкен кен орнын ашу үшін 7 жылдан 10 жылға шейін уақыт мерзімін алатын еді. Ал қазіргі уақытта жасанды интеллектімен 5 жылдан 7 жылға шейін қысқарды деп ойлаймын.
Дегенмен саланың қанат жаюына білікті маман тапшылығы тұсау боп тұр. Компания басшысының сөзінше, бұған геологиялық барлау компанияларының елде күрт артуы себеп.
Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс барлау» компаниясының бас директоры:
- Геологиялық ізденіс компаниялары Қазақстанда көп ашылып жатыр. Осы жылдың өзінде 100-ге таман геологиялық юниор компаниялар ашылды. Оларға геологтар керек. Кем дегенде әрбір юниор компанияға 2-3 геолог керек.
Мәселенің шешімі ретінде компания геолог мамандарды даярлайтын Сәтбаев, Қарағанды университеті және Семей геологиялық колледжі сынды геолог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, тұрақты жұмысқа орналасуын қамтамасыз етпек.
Авторлары: Назым Кенжебай, Диас Ковланбаев