Іле-Алатауы ұлттық паркіне 30 жыл
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына биыл 30 жыл. Осыған орай парк аумағында жаңа туристік нысандар ашылмақ.
Атап айтқанда, Наурыз мерекесі қарсаңында Бұтақты шатқалында жаңа визит-орталық ашылады. Ал жазда Кузнецов шатқалында Сиверс алмасының алғашқы зерттеушілерінің бірі, академик Аймақ Жанғалиевке арналған музей өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ жазда Үлкен Алматы көліне дейін арнайы автокөлік тасымалы іске қосылады. Қазіргі уақытта парк аумағында үш тау шаңғысы курорты мен бес заманауи визит-орталық жұмыс істейді. Іле-Алатау ұлттық паркінде өсімдіктердің екі мыңға жуық түрі кездеседі. Ғалымдар Қызыл кітапқа енген сирек түрлерді сақтап қалу бағытында жұмыстарын жалғастыруда. Ұлттық паркті сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында қылқанжапырақты және жапырақты ағаш түрлерін өсіретін 7 уақытша питомник тұрақты түрде жұмыс істейді. 30 жылда парк аумағына 5 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Паркте сирек жануарлар саны да артып келеді. Бүгінде мұнда 39 қар барысы, 85 Тянь-Шань қоңыр аюы және 97 бүркіт мекендейді.
Елнұр Ахметов, «Іле-Алатауы мемлектетік ұлттық табиғи паркі» РМК Бас директоры:
- Бұл - Алматы қаласының «өкпесі». Қазіргі таза ауамызды да осы Ұлтық табиғи паркінен, таза суды да ерекше қорғалатын табиғи аумақтан алып отырғаннан кейін 30 жылдыққа байланысты 30 іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. 1998-2000 жылдарға бет бұрсақ, туризм мәселесі өте төмен деңгейде болған. Бір ғана инвестор болса, қазір Ұлттық табиғи парктің аумағында 94 инвесторлық жоба жұмыс атқарып келе жатыр. Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі жалпы 1,5 млн-ға дейінгі туристі қабылдауға әзірміз.