Павлодар облысында су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді
Павлодар облысында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары басталды.
Жедел әрекет ету штабы құрылып, қардың мөлшері мен өзен-көлдердегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Гидротехникалық нысандардың жағдайы да тексеріліп жатыр. Әсіресе су басу қаупі жоғары елдімекендер ерекше бақылауға алынған.
Көктемде Баянауыл, Ертіс және Железин ауданындағы елдімекендерге қар суынан қауіп төнуі мүмкін. Өңірде 153 шақырым қорғаныс бөгеті салынып, су өткізетін 36 арық жөнделді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күштер мен құралдар сақадай сай тұр.
Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде әкімшілік тарапынан жабдықтар мен техникамен қосымша жарақтандыру жүргізілетінін атап өту қажет. Мысалға айтқанда, бізде қазір Успен ауданында, Май ауданында, Тереңкөл аудандарында мотопомпалар алынып, есепке қойылып жатыр.
Облыстың бірқатар ауылы Қарағанды өңірімен шектеседі. Көрші жақтан келетін мол суды тиімді пайдалану үшін жайылымдарды алғаш рет көлтабандар арқылы суару жүйесі енгізілді. Сай-саланы толтыратын су арнайы лимандарға бағытталады. Бұл шара өз кезегінде 17 елді мекенде су басу қаупін төмендетеді.
Шәкір Ахметов, ТЖД басқарма бастығы:
- Қарағанды облысы аумағында Ақжар және Қаратоқа плотинасы орналасқан. Көктемде сол су қоймалары толып, арнасынан асқан жағдайда біздегі Ащысу және Қарасу өзеніне құйылып, елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін.
Тасқын су тек елдімекендерге емес, қалаларға да қауіп төндіруі мүмкін. Қазір қар шығару жұмыстары қарқынды.
Бүгін Павлодарда тағы да қар жауып, боран соғып тұр. Қыс басталғалы бері облыс орталығынан жалпы көлемі 600 мың тонна қар шығарылған. Ең алдымен су басу қаупі бар көшелер мен аулалар тазартылуда. Жиналған қар қаланың сыртындағы арнайы полигонға төгіледі. Болжам бойынша, наурыз айының ортасына қарай күн күрт жылынуы мүмкін.Осыған байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Еріген қар суы тұрғындарды әбігерге салмас үшін мамандар күн-түн демей жұмыс істеуде.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошкарбаев, Марат Игіліков