Іздеуде жүрген күдікті Индонезияда ұсталды

Атырау облысында кісі өлтіру ісі бойынша күдікке ілінген адам Индонезияда ұсталды.

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды құрықтады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталуы мүмкін. Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, былтыр қараша айында Атырау өңірінде күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасаған соң ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көмген. Сонымен қатар жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген. Қазіргі уақытта күдіктілерді елге депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.