Қарағанды облысында «Қазақмыс» филиалына айыппұл салынды
«Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі BalqashTau-ken ondirisi филиалына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Кәсіпорын қоршаған ортаны ластап жатқаны жөнінде тұрғындардан «Благо-Дарю» қоғамдық қорына шағым түскен. Ол Қарағанды облысының Экология департаментіне жолданып, өндіріс орнына жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Мамандар тексеріс барысында тау-кен қалдықтарын сақтау қоймасында бөгеттен су жерге ағызылатынын анықтаған. Талап бойынша қалдық сулар топырақ пен жер асты суларын ластамауы тиіс. Сондай-ақ, өндірістік қалдық сақтау қоймасының маңы ағынды судан батпаққа айналған.
Зейнеп Қоңырбаева, экология департаментінің бас маманы:
- Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалып, жалпы соммасы 3 892 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар бұзушылықтарды жою үшін қалдықтарды жинақтау цехын реконструкциялау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындау мерзімдерін көрсете отырып Департаментке ұсыну туралы нұсқама берілді. Орындау мерзімі 2026 жылдың 10 наурызына дейін.