Павлодар қаласының маңында «Көктем-2026» оқу-жаттығуы өтті 

Павлодар қаласына жақын орналасқан Атамекен кентінде «Көктем-2026» республикалық штабтық оқу-жаттығуы өтті. 

Мақсат – су тасқынының алдын алу. Өйткені күн күрт жылыса қар еріп, су жүруі мүмкін. Әзірге өңірде аяз. Ауа температурасы 34 градусқа дейін төмендеген. 

Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау күштері мен құралдарын әзірлікке келтіру бойынша іс-қимылдар пысықталды. Күн күрт жылынып, су тасқыны қаупі туындаған жағдайда апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін бірінші кезектегі міндеттер айқындалды.

Думан Қыдырмоллаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда біз Атамекен ауылының аумағындамыз. Бұл жерде бізде Павлодар қаласының жедел штабы орналасқан. Қазіргі таңда осы Павлодар аумағында оқу-жаттығуға 41 бірлік техника және жүзден астам жеке құрам жұмылдырылып жатыр. 

Сценарийге сәйкес жылжымалы басқару пункті құрылып, эвакуациялау жұмыстары іс жүзінде көрсетілді. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, оларды ыстық тамақпен және төсек-орынмен қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылды.Төрт түлік те назардан тыс қалған жоқ. Құтқарушылар жергілікті тұрғындардың аулаларынан 500 текше метр қар шығарды. Бұл іске әкімдіктер де белсене атсалысты. 

Мунира Дүйсенбекова, Атамекен кентінің әкімі:

- Күнделікті мердігерлермен қар шығару жұмыстары жүргізіліп жүр. Бүгінгі таңда 4 мың тоннадан астам қар шығарылды. Он бірлік техникасы жұмысқа шығады

Он мыңға жуық тұрғыны бар Атамекен кенті Ертіс өзеніне жақын орналасқандықтан, су басу қаупі жоғары аймаққа жатады. Дегенмен ауыл тұрғындары биыл су тасқынынан қауіп жоқ екенін айтады. Олар қажетті көмектің дер кезінде көрсетілетініне сенімді.

Құдайберген Көккөзов, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Биыл көріп тұрсыздар қар көп. Алайда қар көп болса да, ауылдың ішін тазалап жатыр, қарды шығарып жатыр. Бүгін міне, техниканың бәрін көрсетті қандай дайындығы бар, көріп тұрмыз бәрін, бізге көмек көрсететін техника бар екенін көрдік. 

Облыс бойынша екі күнге созылатын «Көктем-2026» республикалық штабтық оқу-жаттығуы аясында 60-тан астам тәжірибелік шара  жоспарланған. Олардың қатарында қар шығару, дамбалар мен бөгеттерді нығайту, су өткізу құбырларын тазалау, эвакуациялық пункттерді тексеру сияқты  бағыттар бар. Көктемгі су тасқыны салдарын жоюға  2 мыңдай адам, 975 бірлік техника және 21 жүзу құралынан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков