Елордада инклюзивті технологиялар таныстырылды

Елордадағы «Аstana Hub» технопаркінде инклюзивті технологияларға арналған «ITMLab 2.0» акселерациясы өз мәресіне жетті.

Еліміздің әр өңірінен жиналған 10 үздік команда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдететін инновациялық жобаларын таныстырды. Қатысушылар күнделікті өмірге арналған әртүрлі құрал-жабдықтарды ұсынды. Мысалы, жасанды интеллектпен жабдықталған «ақылды» көзілдіріктер мен таяқтар көру қабілеті шектеулі азаматтарға кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік берсе, арнайы цифрлық платформалар мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс тауып, қоғамға бейімделуге жол ашады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай инклюзивті технологияларға деген сұраныс күннен күнге өсіп келеді.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біздің мақсатымыз осындай жобаларға менторлық қолдау көрсету. Қазіргі таңда командалар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірегей технологияларды ұсынып отыр. Мәселен, ақылды көзілдіріктер, заманауи таяқтар мен арнайы жүйемен жабдықталған инновациялық арбалар мұның бәрі қолжетімді болашақтың белгісі. Жеңімпаздар үшін ең бастысы өнімнің сұранысқа ие болып, қолдау табуы. Сондықтан  Еңбек министрлігі осы жобаларды өндіріске енгізу үшін жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, жан-жақты көмек көрсетеміз.