Алматыда мектеп асханасының жай-күйі тексерілді 

Алматыдағы мектептегі тамақтану мәселелері бойынша ведомствоаралық сараптамалық топ асханаларға мониторинг өткізді. 

Мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында арнайы тексеріс жүргізді. Мониторингтік топтың құрамына Қоғамдық кеңес мүшелері, Мәслихат депутаттары мен сарапшылар кіреді. Тексеру барысында жекеменшік мектептердің біріндегі ата-аналардың шағымдары тыңдалды. Кейбірі тағам сапасына қатысты уәжін айтты. Олар асхана көңілінен шықпағандықтан кейтеринг компанияға жүгініпті. Осы мектептің директоры айтылған сынның ескерусіз қалмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мәзір өзгертіліп, тағамдардың құрамы мен сапаны жақсарту үшін нақты шаралар қолға алынған. Ал мектептегі тамақтандырумен айналысатын кәсіпорындардың басын біріктіріп отырған қауымдастық басшысы қаржыландыру ұлғайса дейді. 

Гүлнәр Мамаева, Алматы қалалық мектеп тамақтануы қауымдастығының президенті:

- Мектеп асханаларына тамақтанудың жаңа ережелері енгізілді. Барлық өңірлер, соның ішінде Алматы қаласы да, осы талапты сақтауға тырысып жатыр. Алайда мемлекеттік мектептерді қаржыландыру мәселесін қайта қарау керек. Себебі бастауыш сынып оқушысына небәрі 640-660 теңге қарастырылған. Осындай қаржымен кәсіпкер өзіндік құн шығынын қоспай, тек азық-түлік жиынтығының шегінде жұмыс істеуге мәжбүр болады.