Қарағанды облысында су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді

Қарағанды облысында су тасқынына қарсы шараларға 3500 адам мен мыңнан астам техника жұмылдырылды. 

Мамандар қауіпті аймақтар тобына кірген елді мекендерді жіті назарда ұстап отыр. Өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар мен бекітілген учаскелердің жағдайы күнделікті тексеріледі. Қазір өңірде жағдай тұрақты. Дегенмен далада қар қалың. Күн күрт жылыса жағдай күрделенуі мүмкін. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қарағанды облысында 139 елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Оларда 19 мыңнан астам тұрғын бар. Солардың бірі Огороды ауылы. Мұнда 2015 және 2024 жылдары Нұра өзенінің қатты тасуы салдарынан елді мекенге қауіп төрген болатын. Осыған байланысты өзен жағалауына мынадай бөгет жал тұрғызылды.

Биыл да ауылдың су тасқынына қарсы дайындығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әскерилер арнайы көмекке келіп, өзенге жақын үйлердің маңындағы бөгетті мықтылады. Бұл маңға жоспарлы инженерлік жұмыстар аясында ұзындығы 400 метр болатын қорғаныс жалы салынған. Жалпы Абай ауданына қарасты бірнеше елді мекенде қауіп-қатерді азайту мақсатында осындай ауқымды жұмыс істелген. 

Айдос Асқаров, Абай ауданы әкімінің орынбасары:

- Инженерлік жұмыстардың жоспары бекітілген. Сол инженерлік жоспар бойынша бізде Құлайғыр елді мекенінде, Тазаемка елді мекенінде, осы Самарка елді мекенінде жаңағы қорғаныс бөгеттерін құру жұмыстарыкөзделген, сондай-ақ Абай қаласында суағарларды тазалау қарастырылған. Сол бойынша барлық жұмыстар орындалып, сондай-ақ Тазаемка елді мекенінде халықты көктемгі су тасқыны мезгілінде жолмен қамтамассыз ету мақсатында көпір салынған болатын.

Жергілікті тұрғындар да қарап отырған жоқ. Олар үй маңын қардан тазартып, қажет болған жағдайға деп құм толтырылған қаптарды алдын ала дайындап, техникасы мен құралын сайлап қойған. 

Ермек Амангелді, ауыл тұрғыны:

- Бізде алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншіден, қауіпсіздік жағынан бөгеттер қою, қар тазалау. Екіншіден, ауыл ішінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірде 217 гидротехникалық нысан бар. Су қоймалары, бөгеттер, дамбалар  мамандардың жіті бақылауында. Қарғын су кедергісіз ағуы үшін 28 шақырым өзен арнасы тазартылған. Сондай-ақ елді мекендерден бір миллион текше метрден астам қар шығарылды. Автомобиль жолы және теміржолдың 130 учаскесі ерекше бақылауда. Қазір облыста «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп жатыр. 

Нұржан Жақатаев, Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

- Бізде облыс бойынша 44 тактикалық арнайы оқу-жаттығу көзделіп отыр. Арналған оқу-жаттығулармен көктемгі су тасқвнының алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Департамент қызметкерлері жалпы облыстың барлық қала, аудандарын аралап қайтты. Әкімдіктердің дайындығын тексеріп, күш пен құралдардың дайындығын тексеріп қайтқан болатын.

Су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамассыз ету үшін облыс бойынша  3500 адам және мыңнан аса техника жасақталған. Төтенше жағдай қызметі оларды қажет болған кезде жедел көмекке келуі үшін алты бағыт бойынша орналастырған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков