«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»
Қостанай облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті.
Талқылау жұмысына үш жүзге жуық адам – қоғам қайраткерлері, аграрлық және өнеркәсіп секторларының, ғылым, мәдениет, спорт және әлеуметтік саланың өкілдері, жастар қауымы қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – Жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдум. Ерлан Қарин құжат әзірлеу барысына егжей-тегжейлі тоқталып, ол алты айдан астам уақытқа созылған кең ауқымды қоғамдық талқылау нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаны 130 адамнан тұратын комиссия ашық форматта әзірлеп, отырыстар онлайн-трансляция арқылы көрсетілді, ал азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы қабылданды. Мемлекеттік кеңесші жобаға енгізілген жаңашыл нормалар мемлекеттік басқару ісінің неғұрлым серпінді әрі заманауи моделіне көшуге, цифрландыруды күшейтуге, адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияларды дамытуға бағытталғанын атап өтті. Кездесуге қатысушылар Ата Заң жобасы қоғамның өзекті сұранысын айқындап, азаматтардың тұрмысын жақсартуға және мемлекеттің орнықты дамуына бағдарланғанын айтты.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қостанай облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, Жаңа Конституция жобасын талқылады. Дөңгелек үстелге этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жас көшбасшылар және қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеудің негізгі кезеңдеріне тоқталып, оның мемлекет болашағы үшін маңызын атап өтті. Ол Жаңа Конституция тек жоғары заңнамалық күші бар құқықтық акт қана емес, сонымен қатар мүдделер тепе-теңдігін айқындайтын әрі қазақстандық қоғамның заманауи сұранысы мен үмітін бейнелейтін қоғамдық келісім екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Коалиция мүшелері «Агромашхолдинг KZ» және «Allur» кәсіпорындарының жұмысшы жастарымен, сондай-ақ өңірдің креативті жастарымен кездесті. Жаңа Конституция жобасы әділетті мемлекетті дамытуға бағытталғанын және қазақстандықтардың ел басқару ісіне қатысу деңгейін кеңейтетінін айта кеткен жөн. Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасы бойынша республикалық референдум 2026 жылы 15 наурызда өтеді.