Коалиция мүшелері Конституция жобасын талқылады

Конституциялық реформаларды қолдау мақсатында құрылған жалпыұлттық коалиция мүшелері бүгін Батыс Қазақстан облысында болып, зиялы қауыммен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. 

Премьер-министрдің орынбасары –  Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастаған топ Жайық жұртшылығымен бірге Ата Заңның жаңа жобасын талқылады. Келелі кеңестер өндіріс орындарында да өтті. 

«Атамекен» өнер ордасына жиылған Жайықтың жақсылары мен жайсаңдары Ата заңның жобасымен жақсы таныс. Жаңа Конституцияда айрықша атап өтерлік өзгерістер жетерлік, түсіндіруді қажет ететін кейбір тұстары да бар. Бүгінгі кездесуде коалиция мүшелері көптің көңіліндегі осы сауалдарға толыққанды жауап берді.  Коалиция  төрағасының орынбаары

Аида Балаева Конституция жобасы мемлекеттің құндылықтарын айқындап, дамудың стратегиялық басымдығын бекітетінін айтты. «Жаңа заңның  басты өзегі – азаматтың мүддесі мен елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы. Бұл құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны, билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа сапасы айқын көрініс тапқан», - деді Аида Ғалымқызы. Конституциялық реформаларды жүзеге асыру барысында қоғам пікірі жан-жақты ескерілген. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Конституциялық мәселелер көтерілген кезден бастап, өткен жылдың қазан айынан бері осы Конституцияға байланысты елден, халықтан бес мыңнан астам ұсыныс түсті. Осы ұсыныстардың барлығын құрылған жұмыс тобы мұқият қарап жүйеледі. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия осы мәселелердің барлығын он екі отырысында мұқият зерделеп қарады.  Сондықтан біздің ардагерлеріміз қаралып отырған конституциямызды қолдайды және халықты қолдауға шақырады. 

Ал «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасы қоғамның ел басқарудағы рөлін күшейтіп, азаматтардың тікелей қатысу тетіктерін бекітетінін айтты. Оның сөзінше, жаңа редакцияда «Республикалық референдум» ұғымының орнына «Бүкілхалықтық референдум» термині енгізіледі. 

Серік Егізбаев,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ауыл» партиясының төрағасы:

- Қазір Конституцияға өзгеріс енгізуге парламент құқылы. Біздің тарихымызда ондай болды. Парламент жиналып, жарты сағатта Конституцияны өзгерткен жағдайымыз болды жарты сағатта. Оны халық содан кейін білсе, білді. Ал қазір ол тек қана халықтың қолына тиесілі болады. Ешқандай мемлекеттік орган Конституцияға өзгеріс енгіздіре алмайды. Қандай өзгеріс, қандай толықтыру болса да, тек қана жалпыұлттық референдум арқылы болу керек. Ол нені дәлелдейді? Ол біздің болып жатқан елдегі реформаларымыздың кері қайтпайтынын дәлелдейді. 

Ата Заң жобасын талқылау барысында азаматтық сектор мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері ұлттық бірлік пен өзара құрметтің маңызын атап өтіп, өз ойларын ортаға салды. 

Бауыржан Ғұбайдуллин, жазушы, ұлттық құрылтай мүшесі:

- Қоғамдық тұрақтылық ұлтаралық жарасым мен ұлтаралық татулық пен сосын іргелі діндердің өкілдерінің арасындағы түсіністіктен тұрады. Міне, біздің Конституцияда, еліміздің Конституциясының жаңа жобасында осы маңызды қағидаттарға, маңызды факторларға баса көңіл бөлінген. Сол себепті конституциялық референдумға Жайық жұртын жауапкершілікпен қарап, белсенді қатысуға шақырамын. 

Бұдан соң коалиция мүшелері «Жайық Арена» спорт кешенінде өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Өз сөзінде Аида Балаева жаңа Конституция білімге, ғылымға, инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуге мүмкіндік беретінін, алғаш рет цифрлық қауіпсіздікке, дербес деректерді қорғауға және интернет-алаяқтыққа қарсы нормалар бекітілгенін атап өтті. Елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын жас ұрпақ алдағы референдумда өз таңдауын жасамақ. 

Әділет Орынбасаров, ақын:

- Референдум дегенің – бос сөз емес. Референдум дегенің – сенің даусың, сенің даусың болашақты айқындайды. Ал Оралым қала еді ғой аты да аңыз, Оралымды бүгінінен бақылаңыз, Мемлекеттік деңгейдегі бастамаға, Жұмылады әнші, ұстаз, ақын, абыз. Референдум дегенде желпінеміз, қызады рас саяси сахнамыз.15 наурызда Қазақстанды дұрыс таңдау жасауға шақырамыз.

Нұрбол Серіков, Самбодан Әлем және Азия чемпионы:

- Конституцияның жаңа жобасы біздің болашағымыз үшін жасалған. Ол жерде азаматтардың мүддесі бірінші орынға қойылған. Еліміз әділ әрі ашық мемлекетке айналсын деп, 15 наурыз күні өтетін референдумға барып дауыс беремін.

Бұдан соң конституциялық реформаларды қолдау коалициясы Uniserv медицина орталығы қызметкерлерімен, Батыс Қазақстан университеті ұжымымен және Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы жұмысшыларымен кездесті.  Кездесу барысында Ата Заңның жаңа жобасындағы білім мен ғылым, өнеркәсіпті дамытуға бағытталған баптар егжей-тегжейлі түсіндірілді. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов