Қостанай облысында үй құрылысы жанданды

Қостанайлық кәсіпкерлер жастарды ауылға тарту ісіне белсенді атсалысып жатыр. Осы мақсатта үйлер салып, ауыл шаруашылығы саласына қажет мамандарға тегін баспана ұсынып келеді.

Мәселен, Қарасу ауданында, соңғы екі жыл ішінде механи-заторлар мен тракторшыларға арналған 20-ға жуық үй салынды. Бұл бастама кадр тапшылығын азайтып, ауылдағы еңбек ресурстарын тұрақтандыруға бағытталған.

Қарасу ауданының Комсомол ауылында соңғы екі жылда жаңадан 6 үй салынды. Соның біріне көпбалалы Есенғалиевтер отбасы қоныстанды.

Гүлзира жергілікті серіктестіктің кадрлар бөлімінде жұмыс істейді. Ал жұбайы Азамат машина-трактор шеберханасының меңгерушісі. Ауылда тұрсақ та тұрыысымыз қаладағыдан кем емес, - дейді олар.

Гүлзира Есенғалиева, Комсомол ауылының тұрғыны:

- Барлық жағдай жасалған. Балаларға да жақсы, Үй жылы, су бар. Мектеп, жұмыс орнымыз жақын. Бұл үй бізге дайын күйінде тапсырылды. Тек ішкі жабдықтарын өзіміз алдық.

Үйдің аумағы 100 шаршы метр. Оған қоса қоршауын, қора-қопсысын, жолына тас төсенішін салып береді. Әр баспана шамамен 30 млн теңгеге шығады.

Ербол Қалиев, Ильич ауылдық округінің әкімі:

- Бұл үйлерге негізінен жергілікті серіктестікте істейтін жұмыскерлер қоныстанды. Бір отбасы сырттан көшіп келді. Осылайша, ауылдықтардың тұрмыс сапасын жақсарту арқылы көші-қонды тұрақтандырып, жастарды тартуды мақсат етіп отырмыз. 

Қарасу ауданында  көпке үлгі боларлық  тағы бір елді мекен - Ленин ауылы. Мұнда жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер алыстан көз тартады.

Ленино ауылында қырық жылға жуық ешқандай құрылыс жүрген емес. Соңғы екі жылда ғана жергілікті серіктестік міне мынандай 9 үй салды. Барынша жабдықталған бұл үйлер дайын күйінде тапсырылады. Жаңа үйлер жергілікті шаруашылықта жұмыс істейтіндерге тегін беріледі. Әрине өзіндік шарт-талабы бар.

Степан Горяинов, жергілікті серіктестік өкілі: 

– Әрине бізге де тракторшы-механизатор, комбайншылар қажет. Арадағы шарт бойынша олар бес жыл серіктестікте жұмыс істеуі керек. Сосын үй жеке меншікке беріледі. Биыл да осындай тұрғын үйлер саламыз. Линолеум, плиткасын төсеп, төбесін тартып, түсқағазын жабыстырып дайындап береміз.

Ауылдың әлеуметтік ахуалын оңалтпай, шаруашылықтардағы кадр мәселесін шешу мүмкін емес. Қазір кәсіпкерлер осы бағытқа көңіл бөле бастағаны байқалады. Былтыр солардың күшімен 300-ден астам жаңа баспана пайдалануға берілді. Ал елді мекендердің инфрақұрлымын дамытуға 7 млрд-тан астам теңге жұмсады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг