Кәсіпкерлер ұсыныстарын Үкіметке жолдады

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 14-съезі өтті. Жиын барысында Палатаның 2025-2026 жылдардағы жұмыс қорытындысы туралы есеп тыңдалып, алдағы жылдарға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс пен шағымдар да айтылды. Отырысқа еліміздің барлық аймағынан 400-ге жуық бизнес өкілі қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Дамир Берікұлы, тілші:

– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жыл сайынғы съезін әсіресе аймақтағы бизнес өкілдері асыға күтеді. Себебі толғандырған мәселелерін ортаға салып, жауапты министрліктерге тікелей сұрақ қоя алады.

Ал шағын және орта бизнеске Үкімет жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұны маңызды жиынға арнайы келіп қатысқан Премьер министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жеткізді. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы да отандық кәсіпкерлердің қатысуынсыз жүзеге аспайды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектептер мен ауруханалар, мәдениет ошақтарымен қатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды салуға ауқымды қаражат бағытталуда. Оларды жүзеге жергілікті жердегі шағын және орта бизнес тартылатын болады. Яғни тауарлар мен материалдарды, көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу туралы нақты міндеттер қойылды. Мұның барлығы кәсіпкерлеріміз үшін орасан зор кепілді тапсырыс қалыптастыруда. Сіздер аталған жобаларға белсенді қатысып, өндірісті локализациялау, технологиялық тұрғыдан одан әрі жаңғыртуға басымдық бересіздер деп ойлаймын.

Отандық кәсіпкерлер цифрландыру үдерісінен де кеш қалған емес. Палатаның ұйытқы болуымен биыл қолөнер шеберлерінің басын біріктіріп, олардың өнімдерін өткізуге сеп болатын «Шебер» платформасы іске қосылды. Ал BusinessGO платформасына кәсіпкерлер арасында сұраныс артқан.

Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқасының төрағасы:

– BusinessGO жобасы аясында Ұлттық палата кәсіпкерлерге бизнес процестерді автоматтандыруға және сауда қызметінің ашықтығын арттыруға көмектесетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. BusinessGO платформасына деген сұраныс күн санап артып келеді. Ай сайын платформаға 3 мыңнан астам жаңа пайдаланушы қосылады. Бұл кәсіпкерлердің заманауи цифрлық құралдарға қызығушылығын көрсетеді.

Жиынға келген бизнес өкілдері мемлекеттік қолдауды да тілге тиек етті. Әсіресе рұқсат алу процестерінің автоматтандырылуы, әкімшілік кедергілердің жойылуы, түрлі қаржылық қолдаудың көбеюі кәсіп жүргізуге кең жол ашып отыр. «Ал Президент Жолдауда айтқан бизнесті тексеруге мораторий жарияланса, бұл салаға едәуір серпін береді», – дейді кәсіпкерлер.

Кәмшат Төлеуова, кәсіпкер:

– Біз ет өңдеумен айналысатындықтан, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлар қызметі сияқты түрлі мекемелерден тексерушілер келеді. Бәрі жан-жақтан тексереді. Мұндай тексерулер кейде негізгі жұмысымыздан қол үзуге мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан Президентімізге алғыс айтамыз. Егер мораторий жарияланса, өнім өндіріп отырған кәсіпкерлерді түрлі сала өкілдерінің қайта-қайта тексеруі азайып, жұмысымызға кедергі келтірмес еді.

Жиын соңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев бизнес өкілдерінен жиналған 150-ден астам ұсыныс пен шағымды Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа тапсырды. Олар алдағы уақытта Үкіметте қаралады.

Айта кетейін, қазір елімізде 2 млн-ға жуық шағын және орта бизнес нысаны бар. Олар 4 млндай адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ оқыңыз: